Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының даму перспективаларын бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — 15-23 мамыр аралығында Қазақстан Халықаралық валюта қорының миссиясын қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша қорытынды мәлімдеме жарияланды, ол ағымдағы экономикалық жағдайға шолу, экономиканың даму перспективалары мен негізгі ұсынымдарды қамтиды.

Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының даму перспективаларын бағалады
Коллаж: Kazinform / Frepik / Pixabay

— Миссияның пікірінше, Қазақстанда қызмет көрсету, көлік, құрылыс, өңдеу және өндіру өнеркәсібі секторларындағы жоғары белсенділік аясында жоғары экономикалық өсу сақталып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік инфрақұрылымдық инвестициялардың өсуі мен цифрлық технологиялар, ЖИ, агроөнеркәсіптік кешен және логистика саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуы байқалады, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Экономика үшін тәуекел тудыруы мүмкін факторлардың қатарында ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы кідірістерге байланысты өсудің ықтимал баяулауы, инфляциялық қысымның күшеюі және сауда протекционизмінің күшеюі аясында белгісіздік байқалады. Қосымша тәуекелдерге мұнай бағасының төмендеуі және Қазақстанның сауда әріптес елдерінде өсудің баяулауы жатады.

Бұдан бөлек, Халықаралық валюта қорының сарапшылары осы жылдың сәуір айында инфляцияның үдеуін атап өтті және оның 2025 жылы 10,5% деңгейінде сақталуын болжайды. Халықаралық валюта қоры инфляцияны Ұлттық банктің нысаналы деңгейіне дейін төмендету мақсатында тежеуші ақша-кредит саясатының маңыздылығын атап өтті.

Халықаралық валюта қорының миссиясы макропруденциалдық саясатты қатаңдату жоспарларын оң бағалады, бұл тұтынушылық несиелеудің өсуі аясында қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдерді азайтуға ықпал етуі керек.

Халықаралық валюта қоры миссиясының IV бабы бойынша сапары осы жылдың қыркүйегінде өтеді.

Айта кетелік ең жоғарғы жылдық инфляция Астана қаласында тіркелген еді

Соңғы жаңалықтар