Халыққа берілетін кредиттер өсіп келеді – Ұлттық банк
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов халыққа берілетін кредиттер артқанын, әсіресе тұтынушылық кредиттер 34,5%-ке өскенін айтып отыр.

− Халыққа берілетін кредиттер өсіп келеді. Оның өсімі 24,4% құрады. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер 34,5%-ке өсті. Халықтың шамадан тыс берешегін болдырмау үшін қаржы реттеушілерінің, Үкімет пен Парламенттің ортақ бастамасымен заң қабылданды. Мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кредит беруге тыйым салынды. Қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий енгізілді. Тұтынушылық қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленді. Қарыз алушының борышын шектейтін жаңа норматив енгізілді, − деді Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Дегенмен, спикер тұтынушылық кредиттеудің қарқыны әлі де жоғары екенін атап өтті.
− Нарықтың дамуын және халықтың кредиттік жүктемесінің өсуін қосымша реттеген жөн деп санаймыз. Осыған орай биыл Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп жеке тұлғаларды кредиттеу сегментінде капиталдың контрциклдік буферін қолдану мәселесін және басқа да шараларды әзірлейміз, - деді Т.Сүлейменов.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты ұлттық валютаның құбылмалылығы алаңдатып отырғанын, Ұлттық банк жұмысына әлі де сұрақтар барын айтқан еді.