Ғалымдар киік популяциясы туралы: халыққа пайдасы тиетін құнды ресурс
АСТАНА.KAZINFORM - Киік популяциясын реттеудің биологиялық негіздемесін жасаушылардың бірі, ғалым Константин Плахов 4 миллион популяциядан 20-25 пайызын қауіпсіз алып қалуға болатынына сенімді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Киік санының бақылаудан шығып кеткені сонша, тіпті табиғаттың өзі мұнша жануарды қоректендіру үшін қалпына келіп үлгермей жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцевтің мәлімдеуінше, жануарлардың қарнынан тас пен қара топырақ табылып жатыр. Бұл табынның соңында жүріп, алдыңғы жүріп өткендерден қалған-құтқанын жейтін әлсіз жануарларда болады. Бұл да жануарлардың қырылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Бидай егіліп, мал жайылып жатқан ауылшаруашылық алқаптарын уландырмау үшін диқандар қырылған киіктердің өлексесін жинауға мәжбүр.
- Олардың қорегі таусылып, қырылып жатыр. Мен Зоология институтының мәліметтеріне, министрліктің ресми деректеріне сүйеніп айтып отырмын. Бір ғана Қарағанды облысында 5 мың бас қырылды, олардың барлығы табиғи жолмен қырылды, - деп атап өтті депутат.
Біраз уақыт бұрын киіктер жойылудың аз-ақ алдында болса, қазір олардың саны көбейіп, жануарларды шегірткеге теңейтін болды. Олар егіс алқаптарын отап қана қоймай, әрең шыққан бидайды таптайды. Олар тіпті адамдардан, диқандардың техникасынан қорықпайды.
- Егіс уақыты 15 мамырдан 30 мамырға дейін созылады. Осы уақытта біз бидай егеміз, дәл осы кезде егіске киік төлдері келеді, олар трактордан қорықпайды. Жануарлар 10 метрге жүгіріп, қайта оралады. Жыл сайын солай. Оларды фермадан фермаға, ауылдан ауылға айдаймыз, болды. Басқа жол жоқ. Біз диқан, өсімдік өсіруші ретінде егістік жеріміз – бидайды қорғаймыз, – дейді ақмолалық диқан Нұрсұлтан Сопиев.

Жануарлардың бұл түрін сақтап қалу үшін мемлекет көп күш жұмсады. Бірақ шаруалар оның да шегі болуы керектігіне сенімді.
Қазақстандық сарапшылар қоғамы киік санын қалай реттеуге болатынын ұзақ ойлады. Көптеген ұсыныстар да болды. Тіпті олардың санын көбейту идеясы да болды. Ақырында, Экология және табиғи ресурстар министрлігі дала бөкендерінің көбеюін реттеуге ғылыми негіздеме алды.
Мүйіздері мен тұяқтары
Ақырында олар дала бөкенін етке пайдалануды ұйғарды. Шикізат өңдеумен 13 кәсіпорын айналысуы мүмкін екені хабарланды. Олар тәулігіне 3700 басқа дейін қабылдап, етін бөлшектеп сатамыз деп уәде беріп отыр.
Киік популяциясын реттеуге мүмкіндік беретін биологиялық негіздеме туралы айтатын болсақ, оны Қазақстан Республикасы Ғылым жəне жоғары білім министрлігі Зоология институтының ғалымдары дайындаған. Олар жабайы жануарлар популяциясын тұрақты басқару саласындағы Аустралия, Финляндия, Канада, АҚШ, Оңтүстік Африка және басқа елдердің халықаралық тәжірибесіне талдау жасады.
Құжатты әзірлеушілердің бірі Константин Плаховтың айтуынша, 4 миллион популяциялы киіктердің 20-25 пайызын қауіпсіз жоюға болады. Олардан ет қана емес, дәрі-дәрмек өндіруге, терісін өңдеуге болады.
– Біздегі киіктер – толық пайдалануға болатын ресурс. Біріншіден, оның мүйіздерін фармацевтика саласында қолдануға болады. Қытайлықтар бізден сатып алуға ынталы. Кеңес дәуірінде осы шикізат арнайы фармацевтикалық, медициналық клиникалық сынақтардан өтіп, тиімділігін растаған «Сайторин» препараты жасалды. Яғни, бұл мәселені біздің фармацевтикалық компаниялар қолға алатын болса, неге жүзеге асырмасқа. Сайторин гипоксияға қарсы өзін дәлелдеді, бауыр қызметін жақсартуға көмектеседі,-деді ол.

Ғалымның айтуынша, киік көптеген салаларда экономикалық пайда әкелетін әрі жаңартылатын ресурс.
- Киіктің терісіне келсек, терісі жұмсақ - одан жоғары санаттағы әйелдер қолғабын жасайды. Ол тіпті музыкалық аспап жасағанда да қолданылады: фортепиано, рояль, аккордеон. Бұл былғарының ең жоғары санаты. Ал ішкі ағзаларынан ит пен мысық сияқты үй жануарларына азық жасауға болады, - деді ҚР Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов.
Ол кеңестік кезеңдегі киіктерді тұрақты түрде коммерциялық өндіру тәжірибесін еске алды. Сонда киіктердің ең көп тіркелген саны 1 миллион 200 мың болды. Ал 600 мыңнан астамы өндіруге жіберілді. Жыл сайын есептеулер жүргізіліп, соның негізінде өндіру көрсеткіші белгіленді.
Әрине, мұндай утилитарлық көзқарас көптеген жануарлар құқығын қорғаушыларды ренжітуі және сын тудыруы мүмкін. Бірақ ғалымдар киіктер азық жетіспеушілігінен далада босқа қырылғанша, елге, халыққа пайдасын тигізгені дұрыс екеніне сенімді. Ең бастысы - реттеу процесімен әуестеніп кетпеу және киіктерді қайта құрып кетуден сақтау.
Осыған дейін Батыс Қазақстанда киік санын реттеу жұмысы қалай жүргізіліп жатқаны туралы жаздық.