Халықты деструктивті ағымдардан мемлекет қана қорғайды – Депутат

Халықты деструктивті ағымдардан мемлекет қана қорғайды – Депутат
Фото: polisia.kz

Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Қазақтың дәстүрлі ата діні бар, 20 млн халқымыз болса, соның ішінде ислам дінін ұстанатын 14 млн халық мөлшерін анықтауға болады. Ата заң бойынша зайырлы қоғам есептелеміз. Дәстүрлі емес, деструктивті түрлі ағымдар өздерінің көзқарасын қоғамға, азаматтарға таңу үдерісі күшейді. «Неге басыңа мынаны кимейсің?» болмаса «Неге былай жүрмейсің» деген нәрсе көбейіп кетті. Шолақ балақ, қаба сақалдылардың көбейіп кеткенін халық көріп отыр. Халықты, әсіресе жас ұрпақты ондай деструктивті ағымдардың жетегінде кетуден қорғайтын мемлекет қана. Мемлекет өзінің заңымен қорғауы керек. Сондықтан дінге қатысты заңнамаларды жетілдіру мәселесі өте өзекті деп есептеймін», - деді Н.Жүсіп Jibek joly телеарнасындағы Уәде» бағдарламасында.

Депутат діни сауатқа көп нәрсе байланысты екенін баса айтты.

«Бізді енді надандыққа итермелеп, орта ғасырға қайтадан алып келуге ұмтылушылықты өз басым құптамаймын және қолдамаймын. Қазір ғасыр бөлек, Президенттің айтып отырғаны қайда, біз қайдамыз? Бәсекелестік, өзіңіз айтқан ұлт болмысы мәселелерінде көзі қарақты, көкірегі ояу қазақ болмаса, түрлі ағымның жетегінде кетеді», - деді Сенатор.

Бұған дейін Нұртөре Жүсіп журналистердің еш санатқа жатпайтынын, оларды қорғайтын механизм керегін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар