Халықты жұмыспен қамтуға бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатыр – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев халықты жұмыспен қамту туралы ресми статистикаға күмән келтірді.

- Ұлттық статистика бюросы биыл бірінші тоқсан бойынша Қазақстан халқының 4,6 пайызы, яғни 451 515 азамат жұмыссыз деп көрсетеді. Бұған кім сенеді? Әр қаладағы жұмыссыз жандар жиналатын жетім бұрышты, табақтай дипломмен жұмыс таппай табанын таусылған жас мамандарды бәріміз көріп жүрміз ғой. Менің қолымда 16 мамырда басылған ресми дерек бар, мұнда Қазақстан халқының саны 20 261 486 адам деп көрсетілген. Соның 11 496 447–сі еңбекке қабілетті деп жазылған, яғни олар жұмыс істеуі қажет. Бірақ, Қазақстанда зейнетақы жинағына көк тиын аударылмаған және әлеуметтік аударымдары мүлдем жоқ халық саны 5 244 664 адамға жеткен. Ендеше Қазақстанда 11,5 миллион адам еңбекке қабілетті болса, оның 5,2 миллионында әлеуметтік аударым мүлдем жоқ болса, демек азаматтарымыздың тең жартысы жұмыссыз демеске амал бар ма? Жұмыссыздар саны 4,6 пайыз деген деректің шындыққа сәйкес келмейтініне осы дәлел емес пе? - деп Нартай Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.
Осылайша халық қалаулысы елдегі жұмыссыздықты жоямыз десек, алдымен жалған мәлімет беруді тоқтату керек деп отыр.
- Соның салдарынан халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға берілген қаражат мақсатсыз жұмсалып жатыр. Жоғары аудиторлық палатаның есебі дәлел. Дерек келтірейін, 2024 жылдың 10 айында халықты жұмыспен қамтуға арналған субсидиялық 6 бағдарламаға 180 031 адам қатысыпты. Олардың әрқайсысына ай сайын бюджеттен ақша төледік! Соңында соның тек 26 194-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы бір дәлел, «Жастар практикасы» бағдарламасына 2024 жылы 33 300 жас қазақстандық қатысқан. Бағдарлама тәртібіне сәйкес олардың әрқайсысына айына 117 960 теңге төленді. Соған қарамастан тек 7400 жас азамат қана жұмысқа орналасыпты, - дейді ол.
Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, қазір елімізде 5,7 миллион жас азамат бар, соның 3,7 миллионы еңбекке қабілетті.
- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өткен жылы жастарды жұмыспен қамтуға арналған бағдарламалар арқылы 236 037 жас қазақстандықты қызметке тұрғыздық деп есеп берді. Бірақ былтыр тек 203 607 жас азамат қана зейнетақы қорына аударым жасаған. Қалған 33 мың жастың әлеуметтік төлемдері қайда? Расында олар жұмысқа тұрды ма, жоқ па? Әлде жастар жалған статистиканың құрбанына айналды ма немесе мемлекеттік бағдарлама арқылы жастарды әлеуметтік аударымдар жасалмайтын күмәнді жұмысқа тұрғызды ма жауапты органдар? Мұның барлығы Жоғары аудиторлық палатаның есебімен дәлелденген деректер. Тағы бір мысал, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» бағдарламасына қатысқан 1 415 түлектің 471-і ғана жұмысқа орналасқан. Ал түлектерді өңірлерге бөлу оларды жұмыспен қамту орталықтарына тіркеумен аяқталған. Біз өзі кімді алдап жүрміз сонда? - дейді Н.Сәрсенғалиев.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Үкіметтің назарына келесі жайттарды ұсынады:
1. Қазақстандағы жұмыссыздардың санын есептеу методикасын қайтадан жасау қажет;
2. Халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларға жұмсалған қаражатқа толық тексеру өткізу керек;
3. Кәсіпкерлікке ынталы жастарға микрокредит беруге арналған бағдарламаны қайтадан іске қосып, микрокредит алу үшін кепілдік құнын қайта қарау керек, себебі ауылдық жерлерде жылжымайтын мүлік кепіл ретінде жарамсыз болып қалады;
4. Жұмыс берушілерге «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан жас мамандарды тұрақты жұмысқа қабылдауды міндеттеу қажет;
5. «Жастар практикасына» қатысушылардың айлық жалақысын 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке, ауылдық жерлерде 45 АЕК-ке дейін көбейту керек;
6. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа орналасу кезінде «Жасыл ел» сынды маусымдық жұмыстардан немесе қызмет көрсету саласындағы жұмыстардан зейнетақы қорына түскен қаражатты есепке алмау қажет.
Еске салсақ, өткен жылы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов «Жұмыспен қамтуда «тізесі шыққан» шараларды қолданып жатырмыз» деп, Үкіметті сынға алған еді.