«Халықтық құрылыс»: Қазақстанның су саласына 757 арнайы техника алынады
АСТАНА. KAZINFORM – «Халықтық құрылыс» аясында инфрақұрылымды жаңарту жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Осы мақсатта Қазақстанның су саласының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 700-ден астам арнайы техника сатып алу көзделген.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов баяндады.
Вице-министр «Қазсушар» РМК-ның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 757 арнайы техника сатып алуға қаржылық лизинг шарты жасалғанын айтты. Қазіргі уақытта оның 650 данасы жеткізілді.
Жаңа техникалар кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға және су шаруашылығы нысандарын күтіп ұстау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
– 101 бюджеттік бағдарлама шеңберінде биыл республикалық маңызы бар, су жеткізуге тікелей қатысы жоқ 107 гидротехникалық құрылыста жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жылдық жоспардың 80 пайызы орындалды. Қалған жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Ж. Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Каналдардың су өткізу қабілетін жақсарту үшін оларды механикалық тазарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Былтыр 1 840 шақырым канал тазартылса, биыл жоспарланған 3 606 шақырымның 2 342 шақырымында жұмыс орындалды. Қалған бөлігін жыл соңына дейін тазарту көзделген. Ал 2027 жылы тағы 3 800 шақырым канал механикалық тазартудан өтеді.
Табиғи экожүйелерді сақтау үшін де су жіберу көлемі белгіленген. Биыл осы мақсатқа 1,926 млрд текше метр су бөлу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 1,905 млрд текше метрі жіберілді.
Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.
Сонымен бірге, су шаруашылығы мамандарының жалақысы тағы 15% өсті.