«Халықтық құрылыс»: жобалар қалай іріктеледі
АСТАНА. KAZINFORM — BIZDIÑ ORTA подкастында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев ірі құрылыс нысандары қалай іріктелетінін айтты.
— 2027 жылды Мемлекет басшысы Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп ұсынды және осыны өз Жолдауында атап өтті. Бұл өз кезегінде әрбір өңірімізде әлеуметтік, оның ішінде білім беру саласы, денсаулық саласы, спорт, мәдениет салаларында нақты халыққа керек құрылыстың салынуын білдіреді. Бұл тізбеге тоқталсақ, мүдделі органдар, орталық және жергілікті атқарушы органдар бірігіп, сол тізімді жасақтайтын болады. Өйткені әрбір жобаның қаншалықты халыққа керектігі қазір саралануы керек. Ол жоба сосын бірінші кезекте Республикалық бюджет комиссиясымен бекітіледі. Осындай өзінің процедуралары болады, — деді Қанат Мыңбаев.
Оның айтуынша, бұл бағытта халықтың саны, демографиялық және көші-қон мәселесі ескеріледі. Сонымен қатар, инженерлік желілердің жағдайы немесе оның тапшылығы есепке алынады.
— Бұл жерде негізгі басты міндет — халыққа бірінші кезекте керек құрылыс нысанын салу және инженерлік инфрақұрылымның тапшылығын жою, — деді ведомство өкілі.
Осы орайда ол 2029-шы жылды қоса алғанда Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге қаражат бөлінуі қарастырылғанын айтты. Осы жылға бұл бағытта 1,5 трлн теңгеге Республикалық бюджет комиссиясы шешімімен бекітілді. Бұл ретте 262 жоба қамтылды. Келесі жылдың еншісінде бұл қаражат 2 трлн теңгені құрап отыр.
Еске сала кетейік, Президент «Халықтық құрылыс» бойынша комиссияның құрамын бекіткен болатын.
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың әр кезеңде қалай жұмсалатынын мемлекеттік комиссия бақылайтын болады.
Осы құрылыс жұмыстарына 6,5 трлн теңге бөлінеді.