Халықтың биржаға қызығушылығы өте жоғары — Ренат Бектұров
АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары акция, инвестиция тақырыбы ақпарат кеңістігінде жиі қозғалып жүр. Сәйкесінше халықтың қаржылық сауаты артуда. Бір ғана мысал, 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларын IPO-ға шығарғанда 74 мыңнан астам қазақстандық қатысып, құнды қағаз сатып алған. Одан бөлек, Қазақстанда ислам қаржыландыруының әлеуеті артып келеді. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берді.
«Біздің орталық — өзіндік тәртібі мен заңы бар жеке юрисдикция. Мақсат — әлемдік деңгейдегі қаржы орталығы қылу, оның ішінде бірнеше міндет бар. Бастысы — елге инвестиция тарту, одан қалды, қаржы нарығын дамытып, жаһандық нарыққа біріктіру. Үшіншіден, елімізде жаңа қаржы түрлерін, яғни исламдық, жасыл немесе тұрақты қаржы және Fintech сияқты әлемдік жаңа тенденцияларды елге әкелу. Төртіншіден, заңгерлер, инвесторлар, аудиторлар, консалтинг, тағы басқа қаржы нарығының қызметтерін әкеліп, халықаралық стандарттарды енгізу. Қазір біздің орталықта 2700-ден астам компания тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 100-ге жуығы — қаржы компаниялары және қосымша қызметтермен айналысатын 150-ге жуық компания бар», — деді Ренат Бектұров.
АХҚО халықаралық қаржы орталықтары рейтингінде 66-орында
«Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері арасында 1-орында тұрмыз, Рига, Таллин секілді қалаларды артта қалдырып келеміз. Рейтингіге шамамен 130-140 халықаралық қаржы орталығы кіріп отыр. Біздің орталық 2018 жылы ашылып, 88-орыннан бастады. Астана халықаралық қаржы орталығы ашылғалы бері елімізге 11 млрд доллар инвестиция тартылды. Оның 3,5 млрд доллары былтыр келді. Инвестиция осы орталық арқылы тартылды, бұл жерде тек біздің ғана еңбегіміз емес, себебі біз юрисдикциямыз. Қазақстанда жаңа компания жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам болып құрылады, ал біздің орталықта компания құрудың 15 түрі бар. Олардың өз ерекшеліктері бар және шарттары басқаша. Сонымен қатар бізде халықаралық сот пен оның төрелігі бар, халықаралық қатынас болған соң дау да болып тұрады, соны заңды жолмен шешеді. Тағы бір артықшылық — бізде жұмыс тілі ағылшын, хат-хабар мен құжаттар ағылшын тілінде жүргізіледі», — дейді ол.
Орталықтағы кадрлық ауыс-түйіс: 60-қа жуық қызметкерді қысқартқан
«Мен басшылыққа келген соң стратегиялық өзгерістер болды, мысалы 6 деңгейлі құрылым болса, оны 3-ке дейін қысқарттық. Сондай-ақ, стратегияны қайта қарап, үш фокусты басшылыққа алдық, ол — инвестиция тартуға көмектесу, қаржы институттарын тарту және инновацияны ілгерілету. Соның ішінде қаржы институттарын көптеп тарту маңызды, бұл — Мемлекет басшысының тапсырмасы. Осыған дейін бізге жылына орта есеппен 20 қаржы компаниясы тіркелетін, яғни лицензия берілетін. Жыл басынан бері 8 лицензия берілді, бірақ құжат тапсырған 33 компания күтіп тұр, құжаттары қаралуда. Осылайша биыл 40-қа жуық қаржы институтын тіркейміз деген мақсат қойып отырмыз. Жалпы біздің орталыққа қызығушылық пен сұрақтар көп, одан бөлек бірақ құжат тапсырылады, сондықтанда көп сұраққа жасанды интеллект арқылы өңдеп, жауап беруді қолға алып жатырмыз. Бұл ішкі тиімділікті көтереді. Сонымен қатар агроөнеркәсіп саласына тартылатын инвестицияларды да жасанды интеллектің көмегімен жүзеге асырмақпыз», — деді Р. Бектұров.
Геосаяси жағдайлардың халықаралық қаржы орталықтарының жұмысына әсері
«Былтыр геосаяси өзгерістерге байланысты көптеген компания өздеріне жаңа үй іздей бастады. Бұл жерде біздің бәсекелестеріміз - Гонконг, Абу-Даби, Дубай тағы сол сияқты қаржы орталықтары. Осы жерде біз мақтанатын жайт, Полиметалл сияқты алып компания халықаралық қаржы орталықтарын сараптай келе, Астананы таңдады, кезінде Лондон қор биржасындағы 100 ірі компанияның қатарында болған. Оның артынан Fix Price, Dodopizza компаниялары елордаға көшіп келді. Полиметалл компаниясының көшіп келуі біздің биржамыздың деңгейін біраз көтерді. Тағы бір айта кететін жайт, TikTok компаниясы Астанада кеңсесін тіркеп, көшірді. Осы көрсеткіштер біздің орталықтың бәсекеге қабілетінің белгісі деп ойлаймын», — деп түсіндірді орталық басқарушысы.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы Қазатомөнеркәсіп, Kaspi, ҚазМұнайГаз, Air Astana секілді ірі компаниялар IPO-ға шыққан
«Әрине, IPO-ға көбірек компанияның шыққанын қалаймыз, сол үшін де жеке компанияларды тартып жатырмыз. Бірақ, соңғы шешімді өздері қабылдайды, қазір IPO-ға шығуға дайындық үстіндегі компаниялар бар. Дегенмен IPO саны әлі де аздау. QazaqGaz ұлттық компаниясына келсек, қаржылық жағдайын түзеп, таза пайда деңгейіне шыққан кезде IPO-ға дайын болады деп ойлаймын. Компанияларды IPO-ға шығару — Мемлекет басшысының тапсырмасы, осыдан бірер күн бұрын либерализация туралы жарғы қабылданды, бұл дегеніміз компанияларды нарыққа беру, IPO-ға шығару. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, жалпы IPO-ға шығу үшін компания ем дегенде 4-5 жыл дайындалуы керек. Биыл Air Astana әуе компаниясының IPO-ға шығуы — біз үшін де, Лондон биржасы үшін де айтулы оқиға болды. IPO-ға шығу — үлкен жауапкершілік, ол дегеніміз — жүздеген, мыңдаған инвестормен жұмыс істеу», — деді ол.
Соңғы жылдары халықтың биржаға қызығушылығы өте жоғары
«Бір ғана мысал, Қазатомөнеркәсіп компаниясының IPO-на акция сатып алуға 2700 қазақстандық қатысты, осылайша компанияға 4-5 есе пайда әкелді. 2022 жылы ҚазМұнайГаз компаниясының IPO-сына 74 мыңнан астам отандасымыз қатысты. Сол сияқты соңғы уақытта ақпарат кеңістігінде акция, инвестиция тақырыбы жиі қозғалып, тарап жатыр. Әрине, оның ішінде дұрыс және бұрыс, жалған ақпараттарда бар. Біздің биржаның бір ерекшелігі шетелдік брокерлер тікелей қосыла алады, комитет олардың лицензиясын тексеріп, қабылдаса олар биржада тікелей сауда жасай алады», — деп толықтырды спикер.
Қазақстанда ислам қаржысының әлеуеті зор
«Жақында әріптестерімізбен бірге Ислам даму банкінің гранты арқылы талдау жасадық. Әлеуеті өте зор, депозит базасын 6 млрд долларға жуық деген тұжырым жасадық, бұл тек Қазақстанда ғана. Бірақ ислам қаржыcының әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Өйткені, бұрын исламдық банктер біздің орталықта тіркеліп лицензия алғанның өзінде қазақстандықтарға қызмет көрсете ала, жоқ па ол жағы шешілмеген мәселе болды. Өткен жылдың желтоқсан айында өзгертулер енгіздік, енді Астана халықаралық қаржы орталығында құрылған қаржы ұйымдары мен банктер қазақстандықтарға қызмет көрсете алады. Мақсат — инвесторларды әкеліп, қаржы саласын дамыту. Қазір араб елдерінен келетін бірнеше банкпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жыл соңына дейін бір ислам қаржы ұйымын әкелсек деген жоспар бар», — деді Р. Бектұров.