Халықтың табысын инфляциядан қорғаудың 3 жылдық бағдарламасы қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы бекітілді.
— Бағдарлама еліміздің алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі міндеттерін шешуге бағытталған. Халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыру экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен қамтамасыз етіледі, — деді Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Айтуынша, бағдарлама экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 5%-ға, халықтың нақты табысын орта есеппен 2-3%-ға арттыруға мүмкіндік береді.
— Жаңа инвестициялық циклды іске қосу, бизнеске бөгет болатын кедергілерді жойып, мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайтады. Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп, әлеуметтік қолдауды нақты иесіне жеткізуге мүмкіндік береді. Инфляцияны төмендетуге, теңгерімді тарифтік саясатты жүргізуге, экспортты ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге баса назар аударылады, — деді Үкімет басшысы.
Бағдарламаның әр бағытын ойдағыдай іске асыру Премьер-министрдің орынбасарларына тапсырылды.
Айта кету керек, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды.
Осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Бәйтерек» холдингінің функциясы кеңейетінін айтты.