Халық ақылы және тегін медициналық көмектің аражігін білуі тиіс - Бақытжан Сағынтаев

«Елбасы өз Жолдауында Үкіметке мемлекет міндеттерінің шегін белгілеп, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісін әзірлеуді тапсырған болатын. Министр қазір өз баяндамасында осының бәрін айтып өтті. Негізінен өте маңызды әрі іске асырылуы күрделі шаруа. Сол себептен Елжан Амантайұлы, халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу қажет, - деді Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа.
Премьер-Министрдің айтуынша, халық қандай медициналық көмекті мемлекет кепілді түрде тегін беретінін, ал қайсысы ақылы болатынын анық білуі тиіс.
«Ертең ауруханаға не болмаса басқа медициналық мекемеге барған кезде түсінбеушілік болмауы үшін жергілікті әкімшіліктермен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Негізгі ұсынылып отырған тәсілдерді сұрақтар болмаса қолдаймыз. Алдағы уақытта келісілген шарт бойынша бекітуге Үкіметке шығарыңыздар»,- деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет отырысында "Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізімін жетілдіру бойынша шаралар туралы" баяндаған Елжан Біртановтың айтуынша, ТМККК-тің жаңа моделін енгізуді 3 кезеңде жүзеге асыру болжамдалады. Бірінші кезекте,қазіргі жағдайда ТМККК-ны барынша нақтылау және оңтайландыру мақсатында басымдықты емес медициналық қызметтерді басым ету және шектеу арқылы ТМККК пакетіндегі медициналық көмектің толық ревизиясы жүргізілетін болады. Екіншіден, ТМККК -нің жаңа моделін МӘМС-ті енгізумен бірге өрістетіледі.
«Үшіншіден, медициналық теxнологияларды дамытуды ескере отырып, ТМККК және МӘМС тізімдерін үнемі жаңартып отыру көзделеді», -деді министр.