Халық Алтын ханшайым тарихи жәдігерін тамашалады - БҚО

Ескерткіштің түпнұсқасы Астана қаласындағы Ұлттық мұражайда сақтаулы. Қала күні мерекесі қарсаңында оны көруге асыққандар қатары аз болмады. Алтын ханшайым жерленген қорымды батысқазақстандық археологтар 2012 жылдың күзінде тапқан болатын. Айта кету керек, Тақсай кешені өңір тарихында тұңғыш рет зерттеліп отыр. «Кешеннен табылған жәдігерлердің көптігі мен ақпараттық тұрғыдағы рөлі оның маңызын арттыра түседі», - дейді археолог ғалымдар. «Бұл жәдігерді Тақсай тарағы деп атадық. Онда сол кездегі парсылар мен сарматтар арасындағы соғыс бейнеленген. Ат арбамен келіп, бірі садақпен атып жатқан көріністер бейнеленген. Қазақстанда мұндай жәдігерлер әлі табылған жоқ. Бұл - ең алғашқы табыс. Сондықтан да біздің тарихымыздағы үлкен бір ашылу деп айтуға болады», - деді Батыс Қазақстан тарих және археология орталығы директорының орынбасары Серік Рамазанов.
Қоғам қайраткер Аманжол Зинуллиннің айтуынша, Тақсай қорғанынан табылған материалдар шет мемлекеттерде бірнеше мәрте сараптаудан өткен. Қазір ғалымдардың алдында ханшайымның қанша жаста болғандығын анықтау мақсаты тұр. Бір анығы, Тақсай қорғанында жерленген адамның әйел және оның өз қоғамында биік дәрежеге ие болғаны.