Халық әртісі Әнуар Боранбаевтың 70 жылдығы атап өтілді

Көрнекті әртісті еске алуға арналған жиынға келгендер Тасты ауылындағы Кейкі батыр ескерткішіне барып, баба рухына құран бағыштады. Одан соң Ә.Боранбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепке келіп, білім ұясының алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Түстен кейін Б.Қолдасбаев орта мектебінің мәжіліс залында Ә.Боранбаевты еске алуға арналған «Даланың дара саңлағы» атты конференция өтті. Конференцияда Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, М.Әуезов атындағы театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маеміров баяндама жасады. Мұнан соң есімдері елге танымал бірқатар тұлғалар Ә.Боранбаевтың өмірі мен өнері туралы естеліктерімен бөлісті.
"Көрнекті театр-кино актері, Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев қазақ сахна өнеріне атақты 60-жылғылардан кейін келген тегеурінді буынның көрнекті өкілі. Ол отыз жылдық шығармашылық ғұмырында ұлттық өнерге мол қазына салды, ұрпақтар жадынан өшпес көркем бейнелер жасады. Өнерге қалтқысыз қызмет еткен Әнуар сан қырлы талант иесі болды. Ол кино өнерінде де өз биігінен көрініп, қайталанбс қолтаңбасын қалдырды. Оның кинодағы аса сәтті дебюті «Гауһартас» фильміндегі Тастан бейнесі екенін өнерсүйер қауым жақсы біледі",- дейді академик Сайлау Байзақов.
Конференциядан соң М. Әуезов атындағы театр әртістері аудандық Мәдениет үйінде «Сыған серенадасы» қойылымын ұсынды. Одан соң шара қонақтары аудандық мұражайды аралап, аудандық Мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.
Әнуар Боранбаев 1948 жылдың 14 наурызында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Оқушы кезінен өнерге жақын ол 1965 жылы он бір жылдық орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының студенті атанады. Бір жылдан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түседі. Талантты жас 3-курста оқып жүргенде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына қызметке шақырылады. Оның театрда орындаған алғашқы рөлдері - М.Әуезовтің «Түнгі сарынындағы» мұғалім Сапа, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасындағы» Майсалбек, Қ.Мұқашевтің «Дала дастаныныдағы» ақын Ілияс Жансүгіров бейнесі.