16:00, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Халық банкі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан 120 миллиард теңге көлемінде екі мерзімді депозит түріндегі қаржы алды - банктің басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Халық банкі» АҚ қаңтардың 30-ында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан сомасы 120 миллиард теңге көлемінде екі мерзімді депозит түріндегі қаржы алды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында банктің жаңадан тағайындалған басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша сомасы 60 миллиард теңге болатын бірінші депозиттегі ақша жақын арада Халық банкін әрі қарай қаржыландыруға жіберіледі. Ұзақ мерзімді екінші депозит несиелендіруге жұмсалмақ. Банк бұл қаржымен өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және байланыс, машина жасау, металлургия, мұнай және газ сияқты салаларды несиелендіреді. Бұған дейін Халық банкі «Самұрық-Қазынамен» өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру келісіміне қол жеткізген. Бұл келісім бойынша Халық банкі ұлттық әл-ауқат қорынан 500 миллион доллар көлемінде қосымша капитал тарта алады. Бұл қаржы ұлттық қордан қарыз алу немесе жәй және артықшылықты акцияларды іске асыру арқылы жүзеге аспақ. "Халық" банкінің басшылығы Үкімет пен Қаржы нарығын қадағалау агенттігі, Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына» қоры ұсынған еліміздің қаржы секторын тұрақтандыратын шараларды қолдайды», - деді басқарма төрағасы ретінде алғаш баспасөз мәслихатын өткізген Үміт Шаяхметова. Естеріңізге сала кетейік, Үміт Шаяхметова Ұлттық банктің төрағасы болып тағайындалған Григорий Марченконың орнына тағайындалған болатын. Оған дейін басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.