20:04, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Халық Елбасының Үкіметке айтқан сынын орынды санайды - Апталық шолу
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Кеңейтілген Үкімет отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атқарушы биліктегі кемшіліктерді сын тезіне алғанына да тура бір айдың жүзі болды. Содан бері Үкімет жұмысының «әттеген-айлары» туралы мәселе қоғам талқысынан түспей келеді. Ең бастысы, халық Елбасының сынын қолдап, ондағы айтылғанның бәрімен толық келісуге болатынын алға тартады.

Мәселен, Мемлекет басшысының 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сынына орай «Сарапшы» қоғамдық қоры еліміздің барлық өңірлерінде қуат үнемдеу және тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту проблемалары бойынша әлеуметтік сауалнама өткізіпті. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтардың жай-күйі негізінен басқару жүйесінің тиімсіздігімен және сол саладағы кәсіпорындардың қанағаттанғысыз қаржылық жағдайымен сипатталады. Кәсіпорындар жұмысының тиімсіздігі салдарынан судың және басқа да ресурстардың босқа шығындалатыны атап өтіледі. Бұл бағытта Елбасы Үкіметке қатысты сынында әуелі қуат үнемдеудің базалық мәселелерін шешу қажеттігін баса айтқан болатын. Ал аталмыш қордың зерттеу нәтижелеріне қарағанда, сұрау салынған қазақстандықтардың 98 пайызы Мемлекет басшысының 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан барлық бастамалары мен тапсырмаларын қолдайтындығын көрсеткен. Республикалық сауалдаманың қорытындылары тұрғын үй иелері - бағдарламаларға қатысушылардың өткізілген шараларға әркез қанағаттана бермейтінін айғақтайды. Айталық, қазақстандықтардың 66,7 пайызы - бағдарламаларға қатысушылар баға мен жүргізілген жөндеу жұмыстары сапасының сәйкестігіне қанағаттанбайтындығын айтса, 65,4 пайызы сылақ-сырлау жұмыстарына көңілдері толмағанын жеткізген. 55,6 пайызы жертөлелердің қазіргі жағдайына риза емес болса, сұралғандардың 51,9 пайызы төбе жабындысы мен кәріз жүйесіне жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесін сынға алады. 48,1 пайызы электрмен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген жөндеу жұмыстарына қанағаттанбайды, ал үштен бірі үйді сумен және жылумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайды. Бұл бір-екі бағыттағы жүргізілген сауалнама ғана. Ал жалпы атқарушы биліктің атқара алмай жүрген шаралары нешік? Осы аптадағы Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы тұтастай осы мәселеге арналған болатын. Отырыс барысында Елбасы сынын елеп, одан тиісті қорытындылар шығармаған бірқатар вице-министрлерге сөгіс жарияланды. Алдағы уақытта жұмысты барлық бағытта жандандыра түсу үшін арнайы іс-шаралар жоспары да қабылданды. Атап айтқанда, Үкімет бекіткен Іс-шаралар жоспары 70 шарадан тұрады. Оның ішінде 2013 жылдың аяғына дейін 46, ал 2014 жылы 22 шара іске асырылмақ. Сосын 2 іс-шара бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі заңды қабылдағаннан кейін 2 ай мерзімінде іске асырылатын болады. Іс-шаралар жоспары аясында 4 нормативтік-құқықтық акті жобасын әзірлеу де қарастырылып отыр. Жиын барысында Үкімет басшысы Серік Ахметов Елбасы сыны аясында мемлекеттік органдар басшыларына соңғы ескерту жасап, Мемлекет басшысының тапсырмасына бос қараған бірінші басшылар мен облыс әкімдерін бірден жұмыстан босататынын қатаң ескертті. «11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы біздің жұмысымызды өткір сынға алған болатын. Президент ағымдағы жағдайға байланысты Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар, министрлер, әкімдер тарапынан Елбасы тапсырмаларын орындау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр», - деді Премьер-Министр Серік Ахметов. Сонымен қатар, Үкімет отырысында Елбасы сынына қатысты мәселелер түгел сараланды. Соның бірі мемлекеттік сатып алу мәселесінің төңірегіндегі былықтар болса, бұған қатысты Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндаған болатын. Министрдің айтуынша, осы саладағы қордаланған мәселелер бойынша заң жобасы әзірленіп жатыр. «Халық арасында ұдайы талқыланып, үнемі сыннан көз ашпай келе жатқан сала осы. Сонда қаржы министрлігі нақты сараптама жасамай ма? Сыбайлас жемқорлық пен бюрократия қалыпты жағдайға айналды. Осы орайда қандай шаралар атқарылды? Оның барлығы жаңа заң жобасында қаншалықты ескерілді?» - деді Премьер-Министр. Бұдан әрі мәселе алкогольге акциз құнын арттыру бағытында да атқарылатын жұмыстар төңірегінде өрбіді. Министрдің жауабынан ұққанымыз - осы бағыттағы заң жобасы ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Парламент қарауына енгізілетін көрінеді. Премьер-Министр Серік Ахметов өз кезегінде алкоголь өнімдеріне акцизді көтеру туралы тапсырманы қатаң жүктеді. «2014 жылдың табалдырығында тұрмыз. Ресей мен Беларусь - Кедендік одақ бойынша әріптестеріміз. Ал оларда акциз үш есеге жоғары. Біздің отандық тауар өндірушілердің алкоголь өнімдеріне нарыққа жолы жабық. Соған қарамастан, Қаржы министрлігі балама шараларды қабылдамай отыр», - деді Серік Ахметов. Бұл ретте Үкімет басшысы аталған мәселеге қатысты бірден «қалқан орнату» деген болмауы керектігін, кедендік шекара болмағанымен, онда ереженің қажеттігін алға тартты. Сосын Премьер алкоголь өнімдерінің айналымы туралы заң арқылы тиісті шараларды қарауға болатынын да атап өтті. «Ең алдымен, алкогольге акцизді көтеру керек, екіншіден, алкоголь өнімдерінің, оның ішінде өндірістің нақты айналымын түсінікті етуге тиіспіз», - деген Үкімет басшысы Қаржы министрі Болат Жәмішевке осы мәселемен мұқият айналысуды тапсырды. Бұдан әрі Премьер-Министр бюджет қаржысының дұрыс игерілмеу мәселесіне тоқталды. «Біз өткен аптада сіздермен Үкімет отырысында бюджет қаражатының игерілмеуі бойынша өткір әңгіме өткіздік. Қазірдің өзінде біз Парламентке енгізген бюджетті нақтылау бойынша шешімдер қабылдау барысында бұл басты мәселелердің біріне айналып отыр. Мен бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген лауазымды тұлғаларды жазалау туралы ұсыныс енгізуді бірінші басшыларға тапсырдым. Мұндай ұсыныстар енгізілді. Сондықтан, бюджет қаражатының игерілмеуі бойынша Денсаулық сақтау вице-министрі Тәкежановқа, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Толыбаевқа, Қаржы вице-министрі Теңгебаевқа сөгіс жариялаймын. Сонымен бірге, бірқатар комитеттердің төрағалары мен басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды», - деді Серік Ахметов. Жамбыл мен Павлодар облыстарының әкімдері орынбасарларына да сөгіс осы қаржы және бюджет қаражаты мәселелеріне қатысты беріліп отыр. Осы сәтте Үкімет басшысы Білім және ғылым министріне де назар аударып, вице-министрлеріне қандай жазалар қабылданғанын сұрады. Аслан Сәрінжіпов орынбасарларының өтініш бергенін, оларды қызметінен босататынын айтты. Елбасы ескертпелерінің бірі «көлеңкелі» экономикамен күрес жайында болатын. «Сауданың айтарлықтай басым бөлігі бізде ашық базарларда жүріп жатыр. Базарлардағы ретсіз сауда «көлеңкелі» экономиканы одан сайын әлдендіріп келеді. Ал одан кім байып жатыр? Ресми төлем жоқ, төлемнің бәрі «көлеңкеде» қалуда, түбіртек беру үдерісі де жолға қойылмаған. Біз базарларда қашан тәртіп орнатамыз осы. Әкімдермен бірлесіп осыны қарайық, сосын кіріселік жұмысқа», деді Үкімет басшысы Экономика және бюджеттік жоспарлау министріне қарата айтқан сөзінде. Сосын Үкімет басшысы: «Нақты 4-5 бағытты алайық, ал сіз Экономика министрі ретінде Үкіметке, әкімдіктерге осы проблеманы алға тартыңыз, сосын ақылдасайық. Нақтылап, 2014-2017 жылдарды қамтып іске кірісейік. Ал мына 150 пункттен тұратын жоспардан не шығады? Оның орнына ең басты 10-ын алайық, сосын барлық әкімдермен бірігіп, соны атқарайық бәріміз», - деді. Оның айтуынша, бақыланбайтын экономика тек сауда-саттықтар мен базарларда ғана емес, автокөлік жөндеу саласынан бастап, жеке пайдаланатын бұйымдарға дейінгі аралықтарда да толып жатыр. Сонымен қатар, Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жұмысын да сынға алды. Сосын ел экономикасындағы тиімсіз жобаларға рұқсат беріп, осы саладағы жұмысты дұрыс жүргізбегені үшін Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рауға да сөгіс берілді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы кемшіліктердің жойылмауына қатысты Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин де сөгіс естіді. Сосын айтылғанның барлығын бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетпегені үшін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев та сөгістен құр қалмады. «Қазіргі жағдай жылдың соңына дейін өзгермесе, мен Президенттің атына бірінші басшыларды, оның ішінде министрлер мен әкімдерді жазалау туралы ұсыныстарды енгізу мәселесін қарастырамын. Сондықтан Елбасының барлық тапсырмаларын сапалы түрде орындау жұмысына баса назар аударуды қатаң жүктеймін», - деді Үкімет басшысы. Министрлер ауысты Елбасы сынынан кейін Үкіметте ширыға түскен шаралар қабылдана бастағаны аңғарылады. Үкімет отырысының өзінде бірқатар орынбасарлар сөгіс естіп, Білім және ғылым министрлігінің екі бірдей вице-министрі жұмыстан кететіні белгілі болған. Аталған министрліктің жауапты хатшысы да қатаң жазаланатыны ескертілген еді. Кейіннен әлгі жаңалықтардың соңы екі министрдің ауысуымен де ұштасты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, Өңірлік даму министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Қаржы министрі Болат Жәмішев келсе, Қаржы министрлігін басқаруға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Бақыт Сұлтанов отырды. Бақыт Сұлтанов сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін де қоса атқаратын болады.