Халық Қаһарманы - Тоқтар Әубәкіров

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат / Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде Тоқтар Әубәкіровты аузына алса, тамсана сөйлемейтін қазақ жоқ. Халқының батыр ұлын –тұңғыш ғарышкерді осы жетістікке жеткізген оның бойына біткен ерекше таланты, дарыны. Қазақтың біртуар ұлы, әйгілі ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың шілде айының 27-сінде Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының 1-ші Май ауылында дүниеге
None
None
келген. Тоқтардың атын әкесі Оңғарбай мен шешесі Қамия оған дейінгі балалары шетіней бергесін, енді осы перзентіміз аман-есен ер жетсін деген ниетпен ырымдап, Тоқтар қойған екен. Нендей істен болса да нәтиже шығара білетін қайсар ұлдың бойындағы асыл қасиеттері жастайынан-ақ таныла бастаса керек. Сонау 1962-1965 жылдар аралығында Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болып қызмет етіп жүрген кезінде-ақ оның аты облыстық «Құрмет кітабына» енгізіліпті. 1669 жылы Ресейдің Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін бітірген ол 1969-1975 жылдар аралығында Кеңес одағы әскери-әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилия командиріның орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ 1976 жылы Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін бітіріп, 1979 жылы Ресей астанасындағы А.И.Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы болды. Осындай өнер ордаларын тәмамдап, авиация саласында қызмет ете жүріп, Тоқтар Әубәкіров өзінің білікті маман екендігін дәлелдеп, ерлік қасиеттерімен көзге түскен. Оның Кеңес одағы тұсында тұңғыш рет әуеде жерге қонбай ұшаққа 2 рет жанар май құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікке пара-пар іс деп бағалауға болады. Ал 1989 жылы оның 1-ші болып, авиатасушы крейсердің үстіне «Миг-29» реактивті ұшағын шеберлікпен қондыруы да бүгінде аңызға айналды. Ұшқыш өз тәжірибесінде реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізіпті. Ал 1991 жылдың сәуір айының 2-сінде Кеңес одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы қазан айының 2-сінде Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Онда тәжірибелі маман өзге ғарышкерлермен бірлесе отырып, биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кейінірек бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да өзінің жемісті нәтижесін берді. Зерттеудің қорытындысы бойынша Арал теңізінің үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да жоспардағыдай жүзеге асты. Осындайда атақ-даңқы дүркіреп тұрған азаматтың бәрін тастап, туған еліне қайтып оралуына не себеп болды екен деген заңды сұрақ туады. Одаққа танымал, беделді де белді ғарышкердің табиғи дарынын пайдаланып, ғарышты игеру ісіне үлесін қосып, ойлаған жоспарларын жүзеге асырып, жүре берсе өзгелердің алдындағы мерейі одан да үстем болмас па еді. Оның үстіне ғарыш саласын игеруде айдарынан жел есіп тұрған Ресей сияқты алып елдің қолдауын пайдаланып, жанына жайлы өмір сүрсе несі айып. Десе де жастайынан елім, жерім деп өскен халқының асыл ұлын туған жерінің топырағы толғантпай қоймаған. Өйткені ол қанша жылдар сыртта жүріп, елден бөлек ортада өссе де Отан, Туған жер сияқты қасиетті ұғымдарды бір сәт те естен шығармаған. Оның отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттері жөнінде танымал журналист Нұртөре Жүсіп «Егемен Қазақстан» басылымында жариялаған «Қыран қазақ» атты мақаласында былай дейді: «Бұл әңгімені маған Сауытбек Абдрахманов айтып еді. Біздің газетке басшы бо¬лып бекітілердің алдында, ?Қазақстан? телерадио¬корпорациясында бірінші вице-президент қызме¬тінде жүргенде ?Отандастар? атты тікелей эфир хабарына Тоқтарды шақырған екен. Тоқаң эфирге бір сағаттай ерте келеді. Уақыт жеткенше кабинет¬те біраз әңгіме айтылады. Бір кезде: ?Мені қайрап, түлетіп шығарған қазақтың әні ғой?, деп қалады Тоқаң. Бұл сөздің сыры былай екен. . ..Қиыр Шығыс. Қақаған қыс. Орман іші. Тоқтар жалғыз. Тұнжыраңқы. Туған жерден жырақ жүргені жанына батты ма, жоқ әлде жүрегіне жақын тұтқан сол бір жанның берген сертте тұрмағаны еңсесін тү¬сірді ме, әйтеуір не керек, жас жауынгер тайга¬ның бір шетінде, желдің өтінде тұрғанда өне-бойын өксік қысқан сәт туған... Көңіл күйі болың¬қырамай, кілең ішуге келгенде алдарына жан сал¬майтын топтың ортасына түскенге қатты қамықты ма, кім білген? Талғат Сүйінбайдың Тоқтар туралы жазған ?Тұңғыш қазақ ғарышкері? деп аталатын кітабында: «... кең тайга қатар құлазығандай. Қапа көңілмен отырып Тоқтар әлгінде өзімен ала шыққан транзистордың құлағын бұрайды ғой баяғы. ?Маяк? деген радиостанция болатын баяғыда. СССР халықтары әндерінен бір концерт бере қалыпты сол радио. Кенет? Әдемі бір сыбызғы әуен естіледі.Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі-ай көзің жаққан шамдай. Анаңнан сені тапқан айналайын, Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.., ? деп сиқырлы сазы жанды баурап, жас жауынгердің жүрегін елжірете жөнеледі. Әннің қайырмасына келгенде Тоқтар тіпті елітіп, айдалада, Қиыр Шы¬ғыс¬тың бір қиыр шетінде қамығып жүргені мүлдем естен шығып, ерекше бір күйге бөленеді. Әсем ән¬нің әуені жүрегіне майдай жағып, өмірдің бар қиын¬дығы ұмыт қалғандай болады. Қазақтың бұл¬бұл үнді әншісі Бибігүл Төлегенованың орын¬дауын¬дағы ?Гауһартас? осылайша өршіл жастың жүрегінде жатталып қалады. Қамыққан көңіл орнына түседі. Жас жігерін сонда Тоқтар былайша жаныған тәрізді: ?Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай ғажап халық. Сол халықтың мен де бір баласымын. Қой, бүйтіп қамыға бергенім жарамас. Белді бекем буайын. Ата жолын қуайын. Қайратыма мінейін. Қапаланбай жүрейін. Елге қызмет етейін. Мақсатыма жетейін?. Сөйтіп, қыран дүр сілкінеді. Қайта түлейді. Араға біраз жыл түседі. Мәскеуде СССР Жоғарғы кеңесінің кезекті бір сессиясы өтіп жатады. Одақ парламентінің депутаты Бибігүл Төлегенованың қонақүйдегі нөмірінің есігін тықылдатады Тоқтар. ? Апай, мен сізді әуежайға дейін шығарып салайын, ? деп Тоқаң балаша қиылады ғой. ? Рахмет, әуре болмай-ақ қой. Көлік бар. Рах¬мет, қарағым, ? деп Бибігүл апамыз да Әубәкі¬ровті әуре еткісі келмейді. Сонда Совет Одағының Батыры қоярда-қоймай отырып, Совет Одағының халық әртісін ?Домодедово? әуежайына шығарып салады. Рульге өзі отырады. Жолда келе жатып: ? Апай, мен Сізге рахмет айтайын деп едім. Бір кезде басымнан осындай жағдай өтіп еді, сонда сіздің салған әніңізді тыңдап, өмірге қайта келген¬дей болып едім. Қайратыма ? қайрат, айбатыма ? айбат қосқан еді сіздің салған әніңіз. Осындай ән шығарған біздің халқымыз шынында да керемет ел емес пе?!. ? деп алғысын айтып, сыр шертеді. ?Гауһартас? әнінің сиқырлы сазы талай жүректі тебіренткен, талай жүректі елжіреткен. Әлі де талайларды тебірентіп, елжіретіп жіберері анық. Шын асылға екінің бірінің қолы жетпейді. ?Гауһартастың? ғаламаттығы да сонда: оны екінің бірі дәл Бибігүл Төлегенова сықылды елжіретіп сала алмайды. ?Гауһартас? - ғұмырлы ән. Қазақпен қатар жасайтын ән. Сол әнге сонша елти алған азаматты айтсаңызшы?!»,- деп тамсанады автор. Т.Әубәкіров Парламент депутаты болып жүрген кезінде халқының, ұлтының мүддесін жеке мүддеден жоғары қоя білетін, ақыл парасаты мол сарабдал саясаткер екендігін көрсетті. Оның бойындағы батырлық қасиеті Парламентте де игі әсерін тигізді десе болады. Өйткені ол Парламент қабырғасында талқыланған көптеген мәселелер мен заң жобалары бойынша өзінің ойын ірікпей, барды бар, жоқты жоқ деп айта білді. Ол ұлт тағдырына қатысты мәселе талқыланып жатқан тұста ешкімнің де көңіл-күйіне немесе көзқарасына алаңдаған емес. Сол үшін де оны бүгін халқы қадір тұтып құрметтейді. Парламент қызметіне байланысты өзінің ойларын ол «Айқын» басылымының тілшісіне берген сұхбаттарының бірінде былай дейді: «Рас, Жоғарғы Кеңестің он екін¬ші, он үшінші шақыры¬лым¬да¬рында депутат болғанмын. Бі¬рақ ол кезде жағдай қазіргідей бол¬ған жоқ қой. Ол кезде бүгін¬гідей жауапкершілік артылған жоқ. Ал қазір тәуелсіздік алып, сенің әрбір істеген жұмысың, әр басқан қадамың ел-жұртыңның, халқыңның болашағына ықпал ететін жағдайда, осынша жауап¬кер¬шілікті арқалап жұмыс істеу, шы¬нында да, қиын екен. Еліміз, мы¬салы, аяғынан тік тұруы үшін біз¬ге жақсы-жақсы заңдар қа¬был¬дау керек. Ал бізде заң жүзінде белгілі бір топтың мүддесі ғана қам¬ты¬лып кетіп жатады. Соған наразы бласың. Халыққа керек заң шық¬¬са дейсің. Көптің мүддесін қорғағың келеді»,- дейді. Т.Әубәкіров 1991 жылдың қазан айында елге оралып, қазақстандық ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене атсалысты. Ол 1992-1993 жылдар аралығында Қорғаныс министрнінің орынбасары, 1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің Бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары қызметтерін атқарады. Ал 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты ? Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметінде жүрді. 45 жасында ғарышкер атанған Тоқтар Әубәкіровке одан бұрын 1988 жылы Кеңес Одағының батыры деген атақ берілген болатын. Т.Әубәкіров бұл атақты да өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, табан ақы, маңдай тердің күшімен алды. Оны Кеңес үкіметі жаңадан ғана жасалып, сынақтан өтпеген тағдыры беймәлім «Миг» ұшақтарын сәтті сынақтан өткізгендігі үшін марапаттаған. Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросының құжаттарында бұрынғы одақтың 26 сынақшы-ұшқышының қатарына Қазақстаннан тек Т.Әубәкіров қана іліккен көрінеді. Солардың 9-ы әртүрлі сынақтар кезінде мерт болып, тірі қалғандары батыр атанған. Олардың ішінде біздің жерлесіміз, қазақтың атақты перзенті Тоқтар да бар.
Соңғы жаңалықтар