«Халық Қаһарманы» атағы арқылы Елбасының тарихи рөлі заңдық мәртебемен белгіленді

«Бұл ұсыныс Қазақстанның Тәуелсіз ел ретінде қалыптасуы мен дамуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының тарихи рөлімен негізделген. Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық аренада жоғарғы беделге ие. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының басшылығымен елімізде 20 жылдан бері әлеуметтік, экономикалық, саяси және құқықтық жүйелерді жаңғырту табысты түрде іске асырылуда. Баяндалғанды ескере отырып, Премьер-министрдің ұсынысын қолдауды және заң жобаларын Парламент Сенатына жолдауды сұраймын», - деді екі құжат туралы Үкімет мүшелерін таныстарған Әділет министрі Рашид Түсіпбеков. Министрлер Кабинетінің бірауыздан қолдауына ие болған ұсынысқа қол қойып тұрып Үкімет басшысы: «Бұл менің - өмірімдегі бұрын-соңды қол қойып көрмеген аса маңызды әрі тарихи құжат», - деген болатын.
Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасын «Халық Қаһарманы» атағына ұсыну туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің сейсенбідегі бастамасы кідірместен Сенатқа жетіп, бейсенбідегі палатаның отырысында бірауыздан қолдауға ие болды. Алдымен жиынды ашып сөз сөйлеген Сенат спикері Қайрат Мәми құжаттың маңызыдылығына тоқталған болатын. «Заң жобаларының мақсаты - Тәуелсіздіктің негізін қалап, дербес мемлекетімізді нығайтудағы Елбасының айрықша рөліне Парламент тарапынан әділ баға беру. Заманымыздың аса көрнекті реформаторы, өңірлік һәм жаһандық тың бастамалар мен батыл шешімдердің ұйытқысы, бүкіл әлем мойындаған биік беделді саясаткер ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы ең жоғарғы мемлекеттік награда - «Халық Қаһарманы» атағына лайық екендігі бұрыннан белгілі ақиқат. Бұл жөнінде талай бастама көтерілген болатын. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы өзіне тән қарапайымдылықпен ондай ұсыныстардан ылғи бас тартып келеді. Ал бүгінгі заңның ерекшелігі - награданың Президенттің жеке басына ғана емес, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы мәртебесіне тән болып отырғандығында», - деп түсіндірді Сенат төрағасы. Яғни заңдарға енгізілген толықтырулар арқылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Отанына сіңірген орасан зор еңбегі заң жүзінде танылады.
Заңдарда қарастырылған мәртебе бойынша Нұрсұлтан Әбішұлына айрықша ерекшелік белгісі - «Алтын жұлдыз» және Отан ордендері тапсырыла отырып, Елбасы «Халық Қаһарманы» атағына иегер болады. Қабылданған заңдардың қорытынды бөлігінде Тұңғыш Президенттің көп жылдар бойына атқарып келе жатқан кемел саясатының нәтижелері, соның арқасында халықтың әл-ауқаты артып, елдің биік беделге ие болғаны жазылыпты. «Н. Назарбаев елдің бірлігін, Конституциясының, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз еткен, жаңа Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы, оның жетістіктері Қазақстан халқы тарапынан зор құрмет пен сенім тудырады», - делінген заң жобасының қорытындысында.
Құжатты талқылау барысында Сергей Плотников Президенттің азғана уақытта адам нанғысыз атқарған істеріне халықтың өзі жоғары баға беріп отырғанын айтып, жоғары награданың 5-10 жыл кеш беріліп отырғанын да тілге тиек етті. «Президент те - адам. Біздегі жүрек Президентте де бар. Сондықтан ол да толқиды, толғанады. Алайда Елбасының жүрек толқулары қалың елінің талайлы тағдыры еді. Замана мен дәуірдің қилы да аласапыранды «тар жол, тайғақ кешулерінің» аумалы-төкпелі кезеңдерінен туған елін аман алып өту Елбасын толғандырып келді. Әлі де сол жайт Президентті толғандырады», - деді сенатор Жабал Ерғалиев. Бұдан кейін, шетелдік жұртшылық арасындағы Елбасы беделі туралы әңгімені сенатор Мұхтар Алтынбаев та жалғастырды. Депутат жақында ғана Түркияға сапармен барғанын, онда Нұрсұлтан Әбішұлына көрсетілетін зор құрметке тәнті болғанын тілге тиек етті. «Мен өзім де Халық Қаһарманымын. Алайда менің еңбегімді Елбасының дербес мемлекеттігімізді қалыптастырудағы қайраткерлігімен салыстыруға еш келмейді. Елдігіміздің өркендеуіне, мемлекеттігіміздің нығаюына қатысты Президенттің лайықты қызметтерін дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы. Сондықтан да нағыз Халық Қаһарманы - Елбасы Н.Назарбаев», - деді Мұхтар Алтынбаев. Осылайша, аз талқыдан соң Сенат бірауыздан қос бірдей заңды қабылдады. Бұдан соң, палата Төрағасы Қайрат Мәми осы күннің тағы бір тарихи астарын ашып айтты. «Бүгінгі отырыстағы маңызды шешімнің қабылдануында және бір символикалық жайт бар әрі мұны ешкім әдейі ұйымдастырған да емес. Осыдан дәл 20 жыл бұрын - 1991 жылдың 1 желтоқсанында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы алғаш рет бүкілхалықтық сайлауда жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланған еді. Осынау тарихи күнге дәл бүгін 20 жыл толып отыр. Сондықтан да Елбасы мен бүкіл қазақстандықтарды осынау мерейлі күнімен және бүгінгі қабылданған маңызы зор заңымен құттықтаймын. Бұл заңдарға Мемлекет басшысы қол қояды деген сенім білдіремін», - деді Қайрат Мәми.
* * *
Үкімет отырысы барысында бұдан басқа тағы да бірнеше мәселе қаралып, қабылданды. Соның бірі - энергия үнемдеу және тиімділігін арттырудың кешенді жоспары болды. Аталмыш жоспар энергияны үнемдеудің нақты шараларын қарастырады және бірнеше секторда жүзеге асыру көзделеді. Соның ең бастысы - өндіріс орындары. Себебі барлық электр энергиясының 70 пайызынан астамын өндіріс орындары пайдаланады. Екінші негізгі секторлар - бюджеттік сектор және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтар. Әрбір сектор бойынша 2015 жылға дейін нақты шаралар жоспары бекітілген. Бұдан бөлек, жоспарға нақты қаражат та көзделген. Қаражат, негізінен, энергия үнемдейтін жаңа технологияларға бағытталады.
Үкімет отырысында қаралған тағы бір маңызды мәселе
«Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл ретте Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне елімізде қор нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылатын болады. Заң жобасының негізгі мақсаты - «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру үшін нормативтік база құру. Сонымен қатар жоба еліміздегі ірі компаниялардың жұмысын ашық әрі тиімді жүргізуге, ішкі қор нарығын дамытуға бағытталатын болады. Заң жобасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексі мен алты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.