Халық мемлекет қолға алып отырған шаралардың игілігін айқын сезінулері тиіс

nbsp;АСТАНА. Шілденің 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Осы аптада халқымыз асыға күткен Астана күні мерекесі де аталып өтті. Бір айта кетерлігі, бұл әдеттегі мерекелер сияқты емес, есте қаларлықтай үлкен, ірі шара болды. Қала күні мерекесінің ерекше атап өтілуінің өз себебі де бар. Биыл елорданың 12 жылдығы Мемлекет басшысының 70 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келді.
None
None


Осыған орай мереке қарсаңында және одан кейін де Орталық Азия аймағында беделді басшылардың бірі болып табылатын Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтаушылар мол болды. Оларды ақпарат құралдарының өкілдері жарыса жариялап жатты. Баспасөз беттеріндегі мәліметтерге сүйенсек, Елбасының мерейлі мерекесімен әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің басшылары құттықтау жолдапты.

Олардың арасында Ресей Президенті Дмитрий Медведев, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао, Франция Президенті Николя Саркози, Испания королі Хуан Карлос, Израиль Президенті Шимон Перес, Австрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишер сынды тұлғалар бар. Мемлекет басшылары Қазақстан Президентіне жолдаған құттықтауларында мерейжас иесіне деген жылы лебіздерімен қатар оның саяси тұлғасына да өзіндік баға берген. Ресей Президенті Дмитрий Медведев өзінің құттықтауында «Қазіргі Қазақстанның мемлекет құрудағы, әлеу­меттік-экономикалық дамудағы, елдің халықаралық аренада тұғырын биіктетудегі табыстары Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Көреген де дана саясаткер ретінде Сіз өз халқыңыздың танылған көшбасшысы беделіне ие болдыңыз. Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі ықпалдас­тық үдерістерін дамытуды көздеген табанды бағыты лай­ық­ты мойындалып отыр. Көбіне-көп сіздің бас­та­машыл көзқарасыңыздың арқасында ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және АӨІСШК сияқты өңірлік бір­лес­тіктер жұмысының тиімділігі арта тү­суде. Кеден ода­ғы мен біртұтас экономикалық кеңіс­тік қалып­тас­тыру жөніндегі уағдаластықтардың жүзе­ге асырылуы біздің елдерімізді өзара тиімді ықпал­дас­тықтың қазір­гіден де жоғары деңгейіне алып шығатынына сенемін», депті. Ал Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтао Мемлекет басшысына жолдаған құттықтауында Президентіміздің Қазақстан халқының арасында жан-жақты қол­дау мен құрметке ие болып, Қазақстанды ұлттық өр­кендету ісіне аса көрнекті үлес қосқандығын және көптеген жылдар бойы қытай халқының үлкен досы бола отырып, Қытай-Қазақстан тату көршілік, достық пен ынтымақтастық қатынастарын дамытуға зор маңыз беріп, оны тікелей ынталандырып келе жатқандығын жазды. Сондай-ақ Франция Президенті Н.Назарбаевтың дана басшылығының арқасында Қазақстан ТМД мен Орталық Азияның ең дамыған елдерінің біріне, халықаралық аренада құрметтелетін елге айналғандығын жазса, Израиль Президенті Шимон Перес Елбасының өзін ұлы құ­рылысшы, туабітті көшбасшы және дана стратег ретінде танытқандығын білдірді. Осылайша бұл мереке Қазақстан Президентің әлем алдындағы беделінің қаншалық зор екендігін әлемге тағы бір рет танытқан үлкен оқиға болды.

Елорданың 12 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды Мемлекет басшысының өзі бастап ашты. 2008 жылдан бергі дәстүрге айналған «Атамекен» этномемориалдық кешенінде Астана мерекесі салтанатының басталғандығының белгісі ретінде Мемлекеттік ту көтерілді. Тап осы жерде еліміздің жоғары әскери оқу орындарын бітірген түлектерге арналған офицерлік погондарды табыс ету салтанатты өтті. Мерекенің ашылу салтанатында Президент қазіргі Астана - жаңа, серпінді даму үстіндегі Қазақстанның бет-бейнесі екендігін атап көрсетті. «Біз 1998 жылы бүкіл әлемге астанамызды таныстырдық. Сол кезден бастап Астана, тіпті жергілікті тұрғындар да танымастай өзгерді. Менің ойымша, астаналықтар күн сайын елорданың жақсарып келе жатқандығын көруде, әсіресе биылғы жылы ол ерекше абаттана түсті. Біз қала маңына 50 мың, ал қала ішінде 6 мың гектар аймаққа ағаш отырғызып, далалық қаланы жасыл әрі жайлы қалаға айналдырдық. Астана еліміздің басты мегаполисіне, халықаралық конференциялар, экономикалық форумдар өтетін орынға, адамдардың бірі-біріне деген толеранттылығы әрі құрметі тоғысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтетін жерге, біздің мемлекетіміздің тұрақтылығының тұғырына айналды», деді Елбасы мерекенің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Президент мерекеге арналған шаралардың аясында елордада орналасқан «Мәскеу» бизнес орталығымен танысты. Қала күні мерекесіне арналған мәдени шаралар үш күн бойына жалғасты. Оның барысында әлемнің ең үздік, әрі танымал әншілері мен музыканттары елордада қала халқына арнап концерттер қойды.

Мерекелік шаралардың ішінде ең ірісі «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық кешенінің ашылуымен байланысты болды. Биіктігі 150 метрді, көлемі 150 миллион текше метрді құрайтын алып кешеннің ашылу салтанатына орай, алдын ала дайындалған ерекше театрландырылған көрініс өтті. Онда қазақ халқының тыныс-тіршілігі мен мәдениетін, болмысын көрсететін «Көшпелілер» атты шеру, ұлттық мәдени орталықтардың би ұжымдары мен балет әртістері дайындаған «Күн адамдары» қойылымы көрсетілді. Бағдарламаның келесі бөлімі Астананың Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен есімі әлемге әйгілі танымал және классикалық әндердің орындаушысы Андреа Бочелидің концертіне ұласты. «Хан шатыр» орталығының ашылу бағдарламасы жұртшылықты таңғалдырарлық иллюминациялық шоумен және отшашумен аяқталды. Ресми ашылу аяқталғаннан кейін Елбасы қала күнінің құрметіне орай мерекеге келген мемлекет басшыларын, қонақтарды осы орталықта қабылдады. Қонақ демекші, қала күнінің қарсаңында мемлекет басшыларының Қазақстанға ат басын тіреуі мерекенің шырайын кіргізген оқиға болды. Себебі тап осы күні әлемнің назары Қазақстанға ауды. Бұл уақытта елімізге келген президенттер Ақордада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісін өткізіп жатты. Шағын құрамды өтті дегені болмаса, жиында саяси мәні зор келелі мәселелер көтерілді.

Онда Президент Н.Назарбаев ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің күн тәртібін бекіту, жекелеген пункттерді қарастыру, Кедендік одақтың жоғарғы органының қарауына енгізілетін мәселелерді талқылау үшін Кедендік одақ комиссиясының мүшелерін және Жауапты хатшысын шақыру жоспарланып отырғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ Президент «Осы жылдар ішінде қол жеткізілген табыстарды зор қанағатпен атап өткім келеді. Қоғамдастық келешекте де халықаралық ынтымақтастық және экономикалық ынтымақтастық саласындағы ең жоғарғы стандарттарға сәйкес болады деп ойлаймын. Өзі құрылған 10 жылдың ішінде ЕурАзЭҚ толыққанды интеграциялық бірлестікке айналды. Бүгінде ЕурАзЭҚ біздің мемлекеттердің экономикадағы, ғылымдағы, білімдегі, мәдениеттегі, әлеуметтік саладағы, қызметтің басқа да салаларындағы мемлекеттердің интеграциясын тереңдету үшін нақты алаң болып табылады. Осы жұмыс жылдары ішінде ЕурАзЭҚ аясында ынтымақтастықтың ауқымды нормативтік-құқықтық базасы қалыптасты. Жалпы құрылымда, ТМД кеңістігіндегі сауда-экономикалық қатынаста қоғамдастықтың мән-маңызы арта түсті. ЕурАзЭҚ аясында қабылданған іс-қимылдар әлемдік дағдарыстың негізгі фазасын қандайда бір дәрежеде сәтті өткеруге көмектесті», деді Мемлекет басшысы. Өз кезегінде Ресей басшысы Дмитрий Медведев Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттерінің арасындағы Кеден одағы шілденің 6-нан бастап күшіне енетіндігін атап өтті. «Біз Кеден одағының жоғарғы органының отырысын өткіздік. Кеден кодексі күшіне енуіне байланысты мәлімдемеге қол қойылды. Ол үш ел арасындағы Кеден одағы аясындағы қатынастарда шілденің 6-нан, Ресей мен Қазақстан арасында шілденің 1-нен бастап қолданылады», деді Д. Медведев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, енді үш елдің сарапшылары бірден интеграцияның келесі кезеңіне, яғни біртұтас экономикалық кеңістікті құруға кіріседі. Сонымен қатар Н. Назарбаев бүгінгі мәжілістің барысында ЕурАзЭҚ сотының мәртебесінің жаңа редакциясына қол қойылғандығын айта келе, мұны бүгінгі кездесудің маңызды қорытындысы деп бағалады. «Құжат Қоғамдастық сотының құзырын кеңейтуді және Кеден одағында істерді қарастыруды көздейді. Үш елдің Кеден одағының құрылуына байланысты соттың жаңа мәртебесі сот өндірісінің үдерісін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл біздердің мемлекеттердің барынша тығыз ынтымақтастылығындағы маңызды буын болып табылады», деді Президент. Сөйтіп, аз құрамда болса да ауқымды жұмыстарды атқарған мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының кезекті мәжілісін 2010 жылғы желтоқсан айының екінші жартысында Мәскеуде өткізетін болып келісіп тарасты.

Осы аптада, яғни мерекелік шаралар аяқталысымен іле-шала Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ақмола облысына сапарға шығып, аймақтағы «Қазфосфат» ЖШС-і, «Қазатомөнеркәсіп» Күкірт қышқылы зауыты» БК ЖШС-інде, гидрометаллургиялық «Степногорск тау-химия комбинаты» ЖШС-і сияқты нысандарда болып, Степногорск қаласының өндірістік аймағындағы су жеткізуші магистральдің жағдайымен танысты. Содан кейін Кәрім Мәсімов Бурабай курортты аймағын дамыту жөніндегі кеңес өтетін Шортан қаласындағы орталық өрт сөндіру депосының ашылу рәсіміне қатысып, «Есіл-Агро» ЖШС-інде, «СТ Агросервис» ЖШС-інде, «Көкшетау жылу» МКК-ында, «КамАЗ-инжиниринг» АҚ-да болды. Бұдан соң яғни шілденің 8-і күні Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Солтүстік Қазақстан облысының даму қарқынына қанағаттанғандығын білдірген. Себебі аймақта Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларды Үкімет, облыс әкімі мен өзге де органдар талапқа сай жүзеге асыруда. Алайда бұл болдым, толдым дегенді білдірмесе керек. Кеше дағдарыстың зардабын тартқан жұртшылық одан кейін мемлекет қолға алып отырған шаралардың игілігін айқын сезінулері тиіс. Бүгін Үкімет басшысының сапары Қостанай облысында жалғасты.

Соңғы жаңалықтар