16:45, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық санағы арқылы маңызды әлеуметтік-экономикалық сауалдарға жауап алатын боламыз - Ә. Қасенова
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылдың басты жаңалығы келесі ақпан айында басталатын халық санағы болатындығы рас. Санақ елдің санын ғана беріп қоймайды, науқан арқылы билік органдары мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын тағы да нақтылай түсуге мүмкіндік алады. Сондықтан да алдағы үлкен науқанға дайындық барысы туралы
санақты ұйымдастырушы мемлекеттік орган ? ҚР Статистика агенттігінің Демографиялық және әлеуметтік статистика департаментінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты
Әсия Қасеновамен сұхбаттасқан едік.
- Әсия Қаналбайқызы! Әңгіме басында халық санағын өткізудің тарихына қысқаша шолу жасап өтсеңіз.
- Халықты есепке алу жұмысы осыдан төрт мың жылдан астам уақыт бұрын Қытайда өткізілген көрінеді. Ежелгі Мысырда, Грекияда, Римде, Иранда, Жапонияда және т.б. ежелгі мемлекеттерде халықты есепке алу жүргізілгені жөнінде мәліметтер бар.
Әскери және салықпен қамтылған контингентті есепке алу біздің ежелгі бабаларымыз үйсіндер мен қаңлыларда да болған. Ж.с.д. ІІ ғасырда Үйсін мемлекетінде халық саны 630 мың болғанда, олар 188,8 мың адамнан, ал қаңлылар халық саны 600 мың болғанда 120 мың әскер шығарған. Ерте ортағасырдағы мемлекеттердің халық санын шамалап шығару қиын емес. Алтын Орданың этникалық негізін құрайтын орта ғасырдағы қыпшақтар бұрынғы Киевтік Русьтің феодалды-шашыраған аумағындағы салықпен қамтылған халқының санын есепке алуды жүргізген.1456-1465 жылдарда Керей, Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құра бастаған кезеңде, олардың қол астына жиналған халық саны 200 мың адамға жетті. Замандастар анықтамасы бойынша қуатты қазақ хандарының бірі Қасым ханның құзырындағы халық саны миллион адамға жеткен.
Сонымен халықты есепке алудың өте ерте заманда мемлекеттің салық және әскери қызметі мен олардың әкімшілік құрылымдарының міндеттеріне байланысты пайда болғаны белгілі. Бұл міндеттер бүгінгі күнге дейін сақталған, бірақ қоғамның тарихи дамуы барысында анағұрлым кеңейе түскен. «Халық санағы» ұғымы туралы энциклопедияларда былай деп жазылған: «Белгілі бір уақытқа қатысты елдің барлық тұрғындарының немесе нақты шектелген бөлігінің демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерін бірыңғай жинақтаудың, талдау мен жариялаудың біртұтас үдерісі. Халық санағы ұғымына, сонымен бірге, кейде мәліметтерді өңдеу үдерістері де қосылады».
Қазіргі Қазақстанның аумағында біршама жүйелі түрде және орталықтандырылған статистикалық қызметтің туындауы қоғамдық құбылыстарды сандық жағын есепке алу әрекеттері, сонымен қатар халықты мерзімді есепке алу ХVІІІ ғасырдың екінші жартысына, яғни Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңіне тиесілі. Нақтырақ тоқталатын болсақ, Қазақстанда алғашқы санақ 1897 жылы, соңғысы 1999 жылы өткізілді. Отанымызда санақ өткізудің реттілігі оны он жылда бір рет ұйымдастыру тәртібін қарастырады. Осындай реттілікті БҰҰ ұсынған. Ресей Федерациясы аумағында да осындай реттілік қолданылады, ал кейбір елдерде санақ рәсімі әр 5 жыл сайын өткізіліп тұрады.
- Алдымызда еліміз үшін маңызды болып табылатын халық санағы күтіп тұр. Жалпы, осы шара халықтың нақты санынан басқа тағы қандай мақсат, міндеттерді көздейді?
? Қазақстанда 2009 жылдың бірінші тоқсанында өтетін, соңғы онжылдықтағы аса ауқымды іс-шаралардың бірі ? ұлттық санаққа дейін көп уақыт қалған жоқ. Осынау ауқымды науқан «елімізде қанша тұрғын бар», «олардың ішінде ерлер мен әйелдердің, балалар мен қарттардың үлесі қандай», «еліміздің аумағында қанша және қандай ұлт өкілдері тұрып жатыр», «қазақстандық отбасылардың табыс деңгейі қаншалықты» деген сияқты және өзге де көптеген сұрақтарға жауап алу үшін арнайы өткізілгелі отыр. Аталған үдеріс, сондай-ақ Қазақстанның ішкі мемлекеттік құрылымының нақты статистикалық бейнесін, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық ахуалын көрсетуі тиіс.
Санақ нәтижелері, өз кезегінде, мемлекетке болашақта саяси бағытты нақты деректердің негізінде айқынырақ құруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні 2009 жылғы ұлттық халық санағын ұйымдастырушы ? Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі қоғам арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ондағы мақсат 2009 жылғы санақты өткізу бағдарламасының қағидалары мен әдістері туралы халықтың барлық топтарын құлағдар ету, яғни ақпараттандыру болып табылады. Еліміздің көптеген азаматтары санақшылармен ешқашан кездеспеген де болуы мүмкін және сол себепті науқан барысында санақ рәсімі бойынша түрлі мәселелер туындайтыны белгілі. Мысалы, 1999 жылы санақшыларды пәтерлер мен үйлерге кіргізбеген жәйттер де орын алған. Кейбір адамдар күдікпен қарап, сенімсіздік те танытқан. Әрине, осындай жәйттардың өзі өткен санақтың нәтижелеріне өз әсерін тигізгені даусыз. Сарапшылардың айтуынша, 1999 жылғы санақ мәліметтері мен ресми статистика арасында едәуір айырмашылықтар болған, себебі есепке алынбаған азаматтар 5,3 пайызды құраған.
Осы сияқты жағдайларды болдырмау мақсатында біздің сайтымызда Қазақстандағы санақ процедурасы ережелері мен оның негізгі бағыттарын және міндеттемелерін таныстыратын «сұрақ-жауап» нысаны бойынша барлық қажетті ақпарат орналастырылып отыр.
? Ал осы санақ науқанын жүргізуге қатысушылар кімдер? Оларға ақы төлене ме?
? Алдағы ұлттық халық санағын өткізуге тартылатын адамдарды іріктеу мен жасақтау жергілікті атқарушы органдардың міндеттері болып табылады. Олар негізінен жазбаша сілтемелерді ұстануға қабілетті зиялы қауым өкілдері, сауатты мамандар болмақ. Араларында жұмыссыз жүргендер, үй басқармалары арқылы бөлінген адамдар, студенттер де бар. Олардың жұмыстарына ақы төленеді әрі арнайы қаражат республикалық бюджеттен қарастырылған. Бүгінде еліміз бойынша 9 мың 400 адам есепшілік жұмысқа тартылған.
? Халық санағының қандай мақсатты көздейтіні жалпы ұғынықты деп ойлаймыз. Ал оның қоғам үшін рөлі қаншалықты маңызды деп білесіз?
? Санақтың мақсаты оның нәтижелері болып табылады десек дұрысын айтқан болармыз. Науқанның қорытындысы бойынша халық санын, олардың қаншасы қалада, қаншасы ауылдық жерлерде тұратындығын, жасы мен жынысын, некелік және отбасылық жағдайын, ұлттық құрамын, тіл меңгеру деңгейі мен білім деңгейін, оқуға тартылуын, үй шаруашылығының саны мен көлемін, күнкөріс көздерін, жұмыспен қамтылуын және тұрғын үй жағдайы бойынша бөлінісін сипаттайтын ауқымды көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады.
Санақтың негізгі рөлі статистикалық деректерге сұраныстың болуымен, елдегі статистикалық жүйе құрылымының бағытын өзгерту талабының туындауымен, деректердің сенімділігін жоғарылатудың қажеттілігімен анықталады. Осы тұрғыдан келгенде, статистикалық жүйенің рөлі мен маңызы арта түсетіні түсінікті болса керек. Мұның себебі, елдің экономика саласында жүргізетін кез келген саясаты сапалы, сенімді мәліметтерге негізделуі тиіс. Егер статистика жақсарып, жетілдіріліп отырса, бірінші кезекте экономиканың әлеуметтік бағдарлылық деңгейі артады, құрамын, әлеуметтік-демографиялық құрылымын есепке алғанда тұрғындардың сипаттамалары бойынша өзгерісі айқындалады. Міне, сонда ғана экономика нәтижелі дамиды және ол әрбір тұрғынның әл-ауқатының өсуіне нақты бағытталады.
? Халық санағы процедурасын кімдер жүргізеді?
? Санақ 2007 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде өткізілетін болады. Статистика агенттігі халық санағын ұйымдастыру және өткізу бойынша уәкілетті орган болып табылады. Санақ бағдарламаларын әзірлеу, жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізу, елдің барлық өңірлерінде санақ мамандарын іріктеу және оқытуды қоса алғанда, бүкіл ұйымдастырушылық және әдіснамалық сипаттағы даярлау іс-шараларымен айналысу Агенттікке жүктелген. Халық санағы әрбір азаматқа сұрақ қою, яғни сауалнама арқылы жүргізіледі. Бұл мақсатта арнайы уәкілетті және оқытып-үйретілген қызметкерлер (есепшілер) дайындалған. Олар әрбір тұрғын жайға кіріп, берілген санақ парақтарын толтырады. Санақ парақтарын жауап берушілердің сөзі бойынша есепшілер толтырады.
Алдағы санақ процедурасына Қазақстанның барлық азаматтары, сонымен бірге, халық санағы кезінде республика аумағында болған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар қатысады. Сондай-ақ санақтың Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан, бірақ науқан кезінде еліміз аумағынан тыс жерлерде болған азаматтарға да қатысы бар.
Халық елді мекен, үй, пәтер, бөлме ретінде белгіленген жауап берушінің тұрып жатқан мекенжайы бойынша санақтан өткізіледі. Бұл мекенжай жауап беруші адамның тіркелген орнымен сәйкес келмеуі де мүмкін. Есепшілер үй шаруашылығындағы ересек адамдардың жасына, азаматтығына, тұрақты немесе уақытша тұрып жатқанына қарамастан, жауаптарды ауызша сұрау арқылы жазып алады, ал егер үй шаруашылығындағы жекелеген мүшелермен бетпе-бет кездесу мүмкін болмаған жағдайда, онда осы үй шаруашылығының басқа кез келген ересек мүшесі жауап бере алады. Санақты өткізу кезінде халықтың белсенді қатысуы өте маңызды. Есепшінің сұрағына дәл жауап беру әрбір азаматтың қоғамдық міндеті болып табылады, себебі, тұрғындар туралы осы мәліметтер кейін оның әл-ауқатын жақсарту үшін пайдаланылады.
? Әр кезеңдері өткізілген санақтар тарихы бойынша біршама сауалдар іріктеліп, енгізілетін болған. Осы жолғы науқанда сауалнама парақтарына қандай сұрақтар енетінін айта кетсеңіз?
? Алдағы уақыттағы науқанда А4 форматындағы әрбір санақ парағына еліміздің жалпы жұртшылығына қатысты сұрақтар енеді. Санақ парағы ? халықтың ұлттық санағының негізгі құжаты. Ол тұрғынжай тұрып жатқан адамдар туралы мәліметтер алуды көздейтін бірқатар сұрақтарды қамтиды. Санақ бағдарламасы бойынша, мекенжай туралы мәліметтер ? қандай үлгіге (типке) жататыны, салынған мезгілі, қабырғаларының қандай материалдан тұрғызылғаны, тұрғын және жалпы аумағы, жайлылығы немесе оның жоқтығы, қысқасы, үйдің өзге де сипаттамалары толықтай жазып алынады. Мекенжайда тұратын адамдардың негізінде халықтың маңызды, басты сипаттамалары жинақталады: туған күні, жынысы, ұлты, азаматтығы, отбасылық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, күнкөрісінің көздері. Сауалнама кезінде санақшы табыс көлемін де сұрайтын болады, сондықтан жауап беруші адам күнкөріс көзін, яғни қандай еңбек қызметі түрінен табыс табатынын көрсетуі қажет: бұл кәсіпкерлік қызмет, зейнетақы, жәрдемақы, стипендия, жеке қосалқы шаруашылық және т.т. болуы мүмкін.
? Азаматтар санақтан өту үшін есепшіге қандай да бір құжаттарды көрсетуге міндетті ме?
? Халық санағын өткізу барысында азаматтар санақшыға құжаттар көрсетуге міндетті емес. Барлық деректер сауалнамаға тұтастай ел бойынша барлық санақ қызметкерлерімен жүргізілетін жазбалардың біркелкі сипатын қамтамасыз ететін, алдын ала белгіленген ережелер негізінде жауап берушінің сөзінен жазылады. Мұның өзінде, есепшілер бұл мәліметтерді құжаттардан емес, жауап берушілердің сөзінен алады (төлқұжат, жеке куәлік, оқу орнын бітіргені жөніндегі диплом, неке туралы куәлік және тағы басқа да құжаттарды көрсетпей-ақ).
? Санақтың нәтижелері қашан белгілі болып, қай кезде жарияланады?
Ұлттық халық санағын өткізу елімізде 2009 жылғы 25 ақпанда басталып, 2009 жылғы 6 наурызда аяқталады. 6-16 наурыз аралығында бақылау-тексеру үшін қайта аралап шығу үдерістері жоспарланған. Жынысы мен тұрып жатқан жеріне байланысты бөлініске қарай халық саны бойынша алғашқы алдын ала нәтижелер 2009 жылдың 2-ші жарты жылдығынан бастап жарияланады. Осы кең ауқымды іс-шара барысында алынған деректер 2009-2010 жылдар бойы өңделіп, қорытындысы халық санағының бірыңғай ақпараттық базасына енгізіледі.
Сондай-ақ жасалған жұмыс нәтижелері бойынша, 2011 жылға қарай 2009 жылғы ұлттық халық санағының деректері негізінде талдамалы есеп беру жоспарлануда. Халық санағы Қазақстан Республикасының азаматтығы бар-жоқтығына қарамастан, сол сәтте мемлекетімізде тұрып жатқан барлық азаматтарға міндетті процедура болып табылады.
Ал мәлімет Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінде арнайы жасақталған ақпараттық базада сақталады. Сонымен бірге, санақ барысында жинақталған жеке адамға қатысты мәліметтер тек жалпылама түрде статистикалық мақсатта қолданылады. Санақ үдерісін жүзеге асыратын мамандардың санаққа алынған азаматтардың жеке басына қатысты кез келген мәліметті кімге де болсын хабарлауына үзілді-кесілді тыйым салынады.
Науқан нәтижесіндегі барлық ақпараттарды жинақтаудан кейін пайдаланушыларға анықтамалықтар, жинақтар, баспасөз хабарламалары, баспасөз шығарылымдары, мақалалар мен басқа да статистикалық және сараптамалық материалдар дайындалады.
Санақ материалдары Президент Әкімшілігі мен республика Үкіметі, Парламент, министрліктер, ведомстволар, агенттіктер, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік жоғары оқу орындары мен кітапханалар, халықаралық ұйымдар, ғылыми зерттеу институттары және басқа да мекемелер кіретін пайдаланушылардың кең көлеміне ұсынылады.
? Санақ жүргізу уақытында мемлекеттен тыс жерде тұрып жатқан Қазақстан азаматтары туралы деректер қалай жинақталады?
? Аталған іс-шара ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдердегі мекемелерінің көмегімен жүзеге асырылады. Тұтастай алғанда, ҚР Статистика агенттігіне Сыртқы істер министрлігімен қатар, халық санағын даярлауға және өткізуге міндетті министрліктер мен ведомстволарға қарасты нысандар мен ұйымдардағы халық санағына жауапты мекемелер көмек көрсетеді. Бірқатар министрліктер мен ведомстволар халық санағына ұйымдастырушылық, сондай-ақ халық туралы әкімшілік дерек көздерінен ақпараттарды ұсыну жағынан жәрдем береді.
?Әңгімеңізге рахмет. Еліміз, халқымыз үшін аса жауапты науқанды табысты өткізулеріңізге тілектеспіз.