15:43, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Халық санының өсімі еліміздің өсіп-өркендегенін көрсетеді
ОРАЛ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Халық санының көбеюі еліміздің өсіп-өркендегенін көрсетеді. Бұл алдағы Ұлттық халық санағы қорытындыларынан айқын көрінуі тиіс.

ҚазАқпарат тілшісіне батысқазақстандық белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықов осылай дейді. Оның айтуынша, Қазақстанда 1999 жылы өткізілген халық санағы демографиялық негізгі көрсеткіштердің төмендегенін көрсетті. Өңірдегі облыс халқы 1989 жылғы 625,5 мыңнан 1999 жылы 616,8 мыңға дейін азайды. Туу азайып, өлім көбейіп, көші-қонда теріс сальдо қалыптасты, яғни облыстан тысқары жерге кетушілер артты. Бұған КСРО тарағаннан кейін экономиканың күйзеліп, жұмыссыздық белең алып, өмір сүру деңгейінің күрт кемуі себеп болды.
Жаңа мыңжылдық Қазақстан үшін экономикалық алға басумен тұспа-тұс келді. Бұл бұрынғы демографиялық дамудың бірте-бірте қалпына келе бастауына әсер етті. Туудың үш есе көбейіп, ал өлімнің сол деңгейде қалуы нәтижесінде 1999 және 2009 жылдары аралығында табиғи өсім үш есе дерлік артты. Облыс халқы ең қолайсыз 2001 жылмен салыстырғанда 18,5 мыңға көбейіп, қазір 618,8 мың адамға жетті.
Бүгінгі таңда облыс халқының дамуында екі бағыт анық байқалады. Атап айтқанда, бұл ұлттық құрылымның өзгеруі және қала халқының өсуі дер едік. Егер 1989 жылы облыста 351,1 мың қазақ мекендеп, 55,8 пайызды құраса, 1999 жылы ол ? 399,0 мыңға немесе 64,7 пайызға, ал 2008 жылы қаңтардың 1-інде 432,8 мыңға немесе 69,9 пайызға жетті. Саны жөнінен екінші орындағы орыстар осы мезгілде былайша өзгерді: 1989 жылы ? 216,5 мың немесе 34,4 пайыз, 1999 жылы ? 174,0 мың немесе 28,2 пайыз және 2008 жылы ? 143,6 мың немесе 23,2 пайыз. Сондай-ақ мына ұлт өкілдері де азайды, мәселен, украиндар ( жылдар бойынша сәйкесінше ) ? 28,1 мың ? 19,6 мың ? 15,6 мың; татарлар ? 12,7 мың ? 10,1 мың ? 9,5 мың; немістер ? 4,5 мың ? 2,4 мың ? 1,5 мың адам. Есесіне, осы жылдар ішінде кавказ халықтарының өкілдері көбейген.
1989 жылғы жағдаймен салыстыра келгенде мынаны аңғаруға болады. Егер тоқсаныншы жылдары қазақтан басқа ұлт өкілдері күрт қысқарса, мұның басты себебі, 1999 жылғы санақ көрсеткеніндей, Қазақстаннан көшіп кетушілік еді. Ал соңғы онжылдықта демографиялық үрдістің негізгі реттеушісі табиғи өсім болып отыр. Түрлі ұлт топтарының елден көшу деңгейі елеусіз деуге болады, керісінше орыс, украин, татар және немістердің қысқаруына туудың азайып, олардың арасында өлімнің көбеюі әсер етуде. Бұған олардың жас ерекшеліктері себеп. Өңірдегі қазақтардың орта жасы 20-25-ке тең болса, орыстардікі ? 35-40, украиндар мен татарлардікі ? 40-45, немістердікі ? 45-50. Өсіп-өнудегі айырмашылықтар да осыған байланысты.
Тағы бір атап айтатын жайт, соңғы жылдары облыста қала халқы едәуір көбейді. Айталық, 2008 жылғы қаңтардың 1-інде Орал мен Ақсай қаласындағы адам саны 310 мыңнан асты немесе бұл ? 50,1 пайыз. Яғни жасырын көші-қон есептелмей отырғанның өзінде кейінгі он жылда қалалық тұрғындар 64 мыңға көбейді. Бұл, әрине, ауыл тұрғындары көшуінің күрт өсуіне байланысты. Соған сәйкес облыстың барлық аудандарында дерлік тұрғындар саны қысқарды. Мұның тек демографиялық қана емес, сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық және мәдени астары бар. Сондықтан, ғалымның пікірінше, бұл мәселе демографиялық даму барысында аса маңызды болуы тиіс.
Жалпы, қазақтардың үлес салмағы табиғи өсім есебінен алда да арта бермек. Бұл, бір жағынан, тарихи әділеттіліктің орнауы деуге болады. Өйткені түрлі себептерге байланысты қазақтардың өз жерінде кеміген тұстары аз болған жоқ. Бұған тоқтала кеткен артық болмас. 1860 жылға қарай Қазақстанның батыс аймағында 1177,2 мың адам болса, соның 1017,7 мыңы немесе 86 пайызы қазақтар еді. 1897 жылы Ресей империясында жүргізілген бірінші халық санағы бойынша да негізгі тұрғын болып есептелген қазақтар 325,3 мыңға көбейіп, 82,1 пайызды құрады. Бірақ олардың саны бұрынғыдан 5,4 пайызға қысқарды. Есесіне орыс тұрғындар 15,4 пайызды құрап, екі еседен астамға, өзге ұлттар 10 есеге өсті. Аймақтың негізгі бөлігі - Орал облысында 645121 адам тұрса, соның 91,3 пайызы ауыл тұрғындары еді. Қалаға жатқызылған Оралда ? 36466, Гурьевте ? 9322, Илецкіде ? 7154, Калмыковта ? 1924, Темірде 616 адам тұрды. Егер 1870 жылдарға дейін халық табиғи өсім есебінен көбейсе, одан кейін отарлаушылық саясатына сәйкес орыс, украин шаруаларының лек-легімен көшіп келуі елеулі әсер етті. Мәселен, 1870-1890 жылдары Торғай, Орал облыстарына 77,4 мың адам орналасты, бұл Қазақстанға көшіп келушілердің 23,6 пайызы еді. Ақтөбе уезіне 1907-1912 жылдары 109,6 мың адам аяқ басты. 1897 жылы Ақтөбе, Ырғыз уездерінде 4,1 мың орыс тұрса, 1915 жылға қарай олардың саны 13 есеге өсіп, 54,8 мыңға жетті. Орал облысына 1906-1910 жылдары көшіп келген 47 018 адамға жалпы аумағы 638 мың десятин 102 жер телімі берілді. 1910-1915 жылдары Орал уезіне 38 мыңнан астам адам тағы қосылды. 1897 жылғы санақ бойынша уезде қазақтардың саны 150,9 мың адам болып, 51,3 пайызды құраса, 1903 жылы ? 72,6 мың, 1913 жылы 77,3 мыңға дейін, яғни 23,9 пайызға төмендеді. 1897-1917 жылдары орыс тұрғындар 124,1 мыңнан 237,0 мыңға жетіп, екі есе дерлік көбейіп, 74 пайызды құраса, украиндар 1,9 мыңнан 4,6 мыңға бір-ақ «секірді». Қазақтар 150,9 мыңнан 77,3 мыңға немесе 48,7 пайызға түсті. Сөйтіп олар бір ғана уездің өзінде бар-жоғы жиырма жылдың ішінде аз ұлтқа айналды.
Қазақстанның батысын тұтас алсақ, қазақтар ХVІІІ ғасыр басында ? 400-500 мыңдай, ХІХ ғасыр ортасында ? 1017,7 мың, 1897 жылы ? 937,9 мың және 1915 жылы 1128,0 мың немесе 68,8 пайыз болса, орыстар тек 1897 жылдан 1915 жылға дейін 175,3 мыңнан 426 мыңға ( 26 пайыз ), украиндар 3,4 мыңнан 83,5 мыңға жетіп, 5,1 пайызды құрады.
Халық санының азаюына азамат және Ұлы Отан соғысы да әсер етті. Ұжымдастыру саясатын күштеп енгізу тіпті ауыр соққы болып тиді. 1926-1939 жылдары қазақтар батыс аймақта 922,2 мыңнан 555,8 мыңға құлдырап, 366,4 мыңға кеміді. 1937 жылғы санақтың жабық болғанын ескерсек, құрбандар саны бұдан да көп екені туралы түйін жасауға болады. Қорыта айтқанда, 1897-1989 жылдары қазақтар 25,7 пайызға ғана өссе, орыстар ? 3,2, украиндар ? 29, өзге ұлт өкілдері 6,9 есеге артты. Былайша айтқанда, бір ғасырға жуық кезеңде халық санының кемуі қазақтар есебінен ғана жүрді. Жергілікті халық өзінің бастапқы саны мен табиғи өсіміне тек 81 жылдан кейін ғана қол жеткізді.
Түптеп келгенде, алдағы халық санағы нәтижесінде Қазақстан халқының қазіргі хал-ахуалы туралы толық мәлімет алуға болады. Бұл келешектегі ел дамуын айқындауға мүмкіндік береді. Оның маңыздылығы да сонда.