19:01, 27 Ақпан 2009 | GMT +5
Халық теңге төңірегіндегі қаңқу сөздерден қорықпауы тиіс
АСТАНА. Ақпанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы күндері ел ішін кезіп жүрген «теңге тағы да құнсызданып, 1 доллар 180 теңге болады екен, бұнымен қоймай, ұлттық валюта деноминацияланатын, яғни банкноттар ауыстырылатын болыпты», деген мазмұндағы қауесет сөздерді жоққа шығарды.
Сәрсенбінің сәтінде Ақордада Премьер-Министрдің, Үкіметтің қаржы блогының, Ұлттық банктің және «Самұрық-Қазына» қоры басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесін өткізген Президент Қазақстанда девальвацияның екінші толқыны болмайтынын қадап тұрып айтты. Халық арасына мұндай алыпқашпа сөздерді валюта айырбастайтын жеке меншік қосындардың қожайындары, сондай-ақ девальвацияға қарсы болғандар таратып отырғанына тоқталған Н. Назарбаев: «Біз девальвацияны дұрыс әрі дер кезінде жасағанымыз бүгінде айқын болып отыр. Әйтпегенде өзіміздің алтын-валюта резервтермізді жұтаңдатып, экспорттаушы кәсіпорындарымыздағы мыңдаған адамдарды жұмыссыз қалдырған болар едік. Елімізде ешқандай да қосымша девальвация көзделіп отырған жоқ», деп атап көрсетті. Расында да соңғы кездері жұртшылық аузында «теңге бағамы қазіргі шегінде ары кеткенде үш ай тұрады, одан кейін тағы да құнсызданады екен», деген өсек көбейіп, жұрт үрке бастаған еді. Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, әдетте мұндай дақпырттар банктердегі валюталық айырбас операциялары жұмыс істемейтін демалыс күндері белең алып отырған. Ұрымтал сәтті пайдаланып «бір қарпып» қалуды көздеген кейбір жеке меншік айырбас қосындары түнде валюта сатпай қойған немесе валюта жоқ деп алып, іле-шала оны артқы есіктері арқылы жоғары нарықтық баға бойынша ұсынған фактілер кездескен. Ал күндіз әлгіндей ақша айырбастау орындары түк болмағандай қалыпты режімде жұмыстарын жалғастыра берген. Мемлекет басшысының жоғарыдағы мәлімдемесінен кейін теңгенің долларға шаққандағы келешектегі бағамына қатысты жұртшылықтың көңілін күпті қылған сұрақтардың жауабы табылғандай. Олай болса, биыл халық ұлттық валюта құнының тұрақтылығына қатысты алаңдамауларына болады. Себебі, мемлекет оны девальвациялаған кезде белгіленген шекте, яғни бір доллар үшін 150 теңге (плюс/минус 5 теңге) шегінде ұстап тұратынына сенімді. Бұлай істеуге ел басшылығының саяси ерік-жігері бар, сонымен қатар мемлекеттің қолындағы ресурстары да жеткілікті. Еліміздің барлық облыстарында қолма-қол валютаның жеткілікті қоры, яғни 450 млн. доллар бар. Жоғарыдағы жұмыс кеңесінде де Елбасы «теңге деноминацияланады екен» деген дақпырттың бос сөз екенін атап көрсетті. «Қазіргідей уақытта теңгені деноминациялау ешкімнің де ойында жоқ. Бұрын да мұндай жоспар болмаған, қазір де жоқ», деп қадап айтты Мемлекет басшысы. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қолма-қол ақша айналымда орта есеппен 7 жылдан аспайтын мерзімде жүреді екен. Ал дизайн бекітілген сәттен бастап жаңа банкнотты айналымға шығаруға 1,5 жыл уақыт қажет көрінеді. Жаңа теңгенің айналымда жүргеніне әлі көп бола қойған жоқ. Оның үстіне ұлттық валютаны девальвациялау, деноминациялау жөніндегі соңғы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайтынын, дизайнды да Президент бекітетінін ескерсек, қазіргі таңда қазақстандықтардың теңге төңірегінде айтылып жүрген қаңқу сөздерге бас қатырмаулары тиіс. Бұлай деп айтуға толық негіз бар. * * * Осы аптадағы отырысында Үкімет мемлекеттік тапсырыстардағы
отандық өнімдердің (тауарлар, қызметтер, жұмыстар) үлесін ұлғайтуға және дамытуды ынталандыруға бағытталған қаулылардың топтамасын қабылдады. Қаулылардың қысқаша мазмұны мынадай: бюджет есебінен сатып алынатын тауарларды, жұмыс және қызмет көрсетулерді Қаржы министрлігі электрондық Үкімет жүйесі арқылы жүзеге асырады. Ал кен өндірушілермен Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің салалық ұйымдары шұғылданады. Ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындарға «Самұрық-Қазына» қоры мен Индустрия және сауда министрлігі жауапты. Бірден айтайық, Үкімет мұндай қадамға тектен-тек барып отырған жоқ. Өйткені дәл қазіргі уақытта, дағдарыс кезінде мемлекеттік тапсырыстардағы қазақстандық өнімдердің үлесін ұлғайту экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамсыз ету және отандық өндірушілерімізді қолдау үшін аса маңызды болып тұр. Олай болса, Үкіметтің жоғарыдағы құжаттар топтамасын қабылдауын қазіргідей күрделі кезеңде отандық өндірушілерді қолдаудағы тағы бір маңызды қадамы деп бағалаған абзал. Жалпы бұл бағытта соңғы кездері тұшымды жұмыстардың іске асып жатқаны белгілі. Мәселен, осы дүйсенбіде Астанада қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің жалпы ұлттық форумы өтіп, оның барысында ұлттық компаниялар мен жергілікті кәсіпорындардың арасында жалпы сомасы 32 млрд теңгенің келісімдері жасалды. Осының өзі Үкіметтің отандық өндірушілерді қолдау үшін жүргізіп жатқан жемісті жұмысының бір парасы. Келісімдерге сәйкес, мемлекеттік сатып алулар төрт бағытқа бөлініп отыр. Олар: мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және жүйе құрушы ұйымдар жүзеге асыратын сатып алулар. Бұлардың орындалуына Индустрия және сауда министрлігі мен әкімдер мониторинг жүргізіп, сол арқылы ішкі сұранысты ынталандыратын болады. Бұл тұрғыда ынталандырудың, мониторинг, реттеу мен бақылау жүргізудің бірегей заңнамалық нормативтік жүйесін құру жоспарланып отыр. Жалпы мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік тапсырыстар кезінде заң бұзушылықтардың болмай қоймайтыны жайлы жиі-жиі айтылып та, жазылып та жүр. Болашақта мұндай келеңсіздіктердің алдын-алу үшін Үкімет отандық өнімдерді сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік жүктеуді қолданысқа енгізетін болады. Жоғарыдағы Ақордадағы жиында Президент мемлекеттік тапсырыстарды бөлуде отандық өндірушілерге басымдық беру қажеттігін, сондай-ақ шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардағы қазақстандық үлесті арттыруды қолдау қажеттігіне ерекше назар аударып, Премьер-Министрдің орынбасары Ө.Шөкеевке және «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қ.Келімбетовке бұл мәселені жеке бақылауларына алуды тапсырды. Осылардың бәрін жинақтай келе мемлекет отандық өндірушілерге үлкен қолдау көрсету үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр деп айтуға болады. * * * Елбасы жуырда «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында Үкіметке Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын студенттерді қолдау үшін 3-ші курстан бастап оқу озаттарына қосымша мемлекеттік білім беру гранттарын бөлуді, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан техникалық және медициналық мамандықтар бойынша ақылы негізде оқитын үлгерімі жақсы және өте жақсы студенттерге 1-ші курстан бастап ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие бөлу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Үкімет бұл екі мәселені де шешті. Министрлер кабинетінің сейсенбідегі отырысында Қ. Келімбетов ақылы негізде оқитын үлгерімі жақсы студенттерді несиелеуге «Самұрық-Қазына» қоры 15 млрд теңге бөлгенін, студенттер «Альянс банкі» арқылы алдағы наурыздың 1-нен бастап жеңілдетілген несилер ала алатынын айтты. Қазіргі дағдарыс кезінде мемлекеттің елдің болашағы ? жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаны Қазақстанда адам ресурсын дамытуға орасан зор маңыз беріліп отырғанын білдіреді. Жастар қоғамның қозғаушы күші, мемлекеттің тірегі, елдің ертеңі. Олай болса, қысылтаяң кезде студент жастарға мемлекеттің көрсетіп жатқан бұл көмегі ертең еселеніп қайтып, ел игілігіне қызмет жасайтынына сенгіміз келеді. Өз кезектерінде студенттер де мемлекеттің бұл қамқорлығына құрметпен қарап отыр. Жоғары оқу орындарының студенттері Мемлекет басшысының және Премьер-Министрдің атына хат жолдап, қиын қаржы жағдайында қалып отырған студенттерге ақшалай қаржы бөлу жөніндегі бастаманы қолдағандары үшін алғыстарын білдіруде.