Халық жауының туысы болғаны үшін Кеңес Одағы Батыры атағы берілмеген қазақ мергені

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласында ерлікпен қаза тапқан үш майдангерге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылатыны жария етілген болатын. Сол майдангердің бірі - қан майданда 397 жауды жер жастандырған Төлеуғали Насырханұлы Әбдібеков.
None
None

Төлеуғали Насырханұлы бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында дүниеге келген.

1932 жылы туыстарының шақыруымен Оңтүстік Қазақстандағы «Пахтаарал» кеңшарына қоныс аударады.

Ал 1942 жылы мамырда Шымкент облысында жаңадан жасақталған сарбаздар тобымен Калинин майданына аттанып, мергендер қатарына алынды.

8-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери іс-әрекеттердің қысқаша есебінде 1942 жылдың өзінде аға сержант Әбдібековтің 219 фашисттің көзін жойғаны жазылған.

1942 жылдың 14 мамырынан 1944 жылдың 21 ақпанына дейін атқыштар ротасының мергені Төлеуғали Әбдібеков 397 фашистің жойған.

1942 жылы жарық көрген «Комсомольская правда» газетінде Төлеуғали Әбдібеков туралы: «Төлеуғали мергендігімен қатар, ұстаздық қасиетімен де ерекшеленді. Ол өз полкінде мергендік қозғалысын ұйымдастырып, 32 мергенді дайындады», деп жазылған.

1944 жылы 22 ақпанда Төлеуғали Әбдібековтің неміс мергенімен соңғы жекпе-жегі болды.

Осы кезде суық тиіп сырқаттанып жүрген қазақ сұрмергенін неміс мергені бірінші байқап қалып, мойнынан жаралайды.

Алайда Төлеуғали Насырханұлы ауыр жарақатына қарамастан неміске қарата оқ атып, оны жер жастандырады. 23 ақпанда ол 6-шы дәрігерлік-санитарлық батальонда алған жарақатынан қаза тауып, Калинин облысы Новосокольники ауданы Насва станциясының солтүстік-шығысында жерленді.

Соғыстан кейін Псков облысының Монаково ауылындағы бауырлас әскери зиратында қайта жер қойнауына тапсырылды.

Жалпы, соғыс кезінде әрбір 100 жауды жайратқан майдангерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілетін. Алайда, дәл осы атақты үш мәрте алуға тиіс болғанымен оның бірі де қазақ батырына бұйырмады.

Дегенмен жауынгерлік ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, Қызыл ту, «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі», Ленин ордендерімен марапатталды.

Ал Төлеуғали Насырханұлының Кеңес Одағының Батыры атағын алуына жақын туысының 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырауы себеп болған сияқты.

Осы уақытқа дейін жарияланған мақалаларда командование оны Кеңес одағының батыры атағына өмірбаяндық анкетада өзінің немере ағасы Кемелбай Насырханов репрессияға айдалып кеткенін жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбағанды айтылады.

Айта кетейік, бұған дейін екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен Рахымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағын берілген еді. Ал бүгін олардың қатары тағы үш майдангермен толықты.


Соңғы жаңалықтар
Референдум