21:29, 13 Шілде 2016 | GMT +5
Халықаралық «Азия балалары» ойындарында қызылордалық спортшылар сәтті өнер көрсетті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Саха Республикасының Якутск қаласында жасөспірімдер арасында өтіп жатқан VI халықаралық «Азия балалары» спорттық ойындарында жерлестеріміз сәтті өнер көрсетті. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Айтулы сында дзюдодан өнер көрсеткен №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің тәрбиеленушісі Бибіхан Нәбиева алтын медаль еншілесе, 70 келіде Ж.Баһадүр атындағы облыста дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы Арайлым Оразбай күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ, осы мектеп-интернат шәкірті Нұрай Мұратқызы таеквондодан 44 келі салмақта қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды.
Айта кетйік, төрт жыл сайын өткізілетін байрақты додаға 45 елден үш мыңнан аса спортшы қатысуда. Ойындар 17 шілде күні аяқталады.