18:50, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Халықаралық бизнес форумы жаңа байланыстарға жол ашты - БҚО
ОРАЛ. 8 қараша. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, Оралда «WestKazInvest 2013» халықаралық бизнес форумы өткені белгілі. Аталмыш форумға Қазақстан мен Ресейдің көршілес облыстары, сондай-ақ Беларусь елінің осы саладағы өкілдері қатысып, ой-пікір алмасты, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ең бастысы, жаңа байланыстарға жол ашылды.

Жабық мұз айдыны сарайында өткен көрмеде 80 кәсіпорын өз өнімдері мен көрсететін қызмет түрлерін таныстырды. Бұл шараның басты мақсаты - Ақ Жайық өңірінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру, жергілікті бизнес құрылымдарының байланыс аясын кеңейтуге жағдай жасау, интеграцияны дамыту. Соның арқасында облыстағы кәсіпкерліктің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру болғандықтан, көрмеге шығарылған тауарлар мен қызмет түрлерінің негізін батысқазақстандық мекеме-кәсіпорындар ұсынды. Форумда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, бүгінде Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің Президенттері Кедендік одақты дамыту арқылы кәсіпкерлердің өзара байланыстарын жетілдіруіне барынша жағдай жасауда. Соған орай бұл іс республика өңірлерінде, соның ішінде БҚО-да өз жалғасын табуда. Кәсіпкерліктің қанат жаюына мемлекет тарапынан қажет шаралар алынуда. Сондықтан бизнес құрылымдарының өкілдері осы мүмкіндікті пайдалануы керек. Бұл шара үш елдің және республика өңірлері арасындағы байланысты одан әрі дамытары анық. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев та бұл шара жаңа идеяларға, тың бастамаларға мүмкіндік беретінін айтты. Форум мен көрмеге үлкен дайындықпен келген атыраулықтар машина жасау, мұнай-химия, құрылыс, азық-түлік өнімдерінің түр-түрін әкелген. Мәселен, «Каспий балық» пен «Жемчужина» серіктестіктері балықтан жасалған 30-дан астам тамақ түрлерін таныстырды. Көпшілік «Қазхим» ЖШС-ның өнімдеріне де қызыға қарады. Бұл кәсіпорын 5 келіден 2 тоннаға дейін салмақты көтеретін полистиролды қаптарды, жұмсақ контейнерлерді, шөп бууға арналған жіптерді шығаруда. Мұндай өнімдер елімізде өндірілмейді. Және олар жоғары сапалылығымен ерекшеленеді. Сол себепті сұраныс көп. Мысалы үшін осы көрме барысында 7-8 оралдық компания серіктес болуға ниет білдірген. Жалпы алғанда, көрмеге келген он атыраулық компанияның бәрі индустрияландыру картасы аясында табысты жұмыс істеуде. Ақтөбеден келген «Светоком» серіктестігі он жылдан бері бағдаршам шығарумен айналысып келеді. Қазіргі таңда бағдаршамның жиырма түрін жасайды. Еліміздің барлық өңірімен байланыс орнатқан. Оралда да ақтөбелік бағдаршамдар бар. Компанияның менеджері Надежда Чернышованың айтуынша, Ресейде жасалған бағдаршамдармен салыстырғанда отандық өнім электр қуатын аз пайдаланады әрі адам өміріне қауіпсіз. Жарық диоты мықты және бағасы да арзандау. Сол себептен болар, компания өнімдеріне қызығушылар көп. Ал Ресейден келген компаниялардың тауарлары мен қызметтері де түрлі саланы қамтиды. Мәселен, Орынбор губерниясының іскер топ өкілдері адам денсаулығын нығайтуға қатысты үш жоба әкелген. Біріншісі, негізінен батысқазақстандықтар мен ақтөбеліктер жиі барып демалып, емделетін "Соль-Илецк" шипажайының қызметін кеңірек насихаттау. Екінші жобасы азық-түлік, тамақтық қоспаларды шығарумен айналысатын өндіріс орындарының жаңа өнім түрлерін қамтиды. Ал соңғысы - биотері деп аталатын дәрілік зат. Ол жоғары дәрежелі күйіктен, үсіктен зақымданған адам терісінің тез қалпына келуіне жәрдемдеседі. Астрахан облысынан келген «Кондор» сауда-көлік компаниясы Ресей мен Қазақстан арасында 5 тоннаға дейінгі жүк тасымалымен шұғылдануды жаңа қолға алып жатыр. Әзірге атыраулықтармен тұрақты байланыс орнатқан. Енді Оралға, Ақтөбеге, одан әрі еліміздің басқа да облыстарына шығуды мақсат тұтып отыр. Компания жетекшілері сол мақсаттарының орындалуына Оралдағы көрменің жол ашатынына сенімді. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жылдары ішінде елімізге 200 млрд. теңге шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті. Оның көбі өндіріс саласына бағытталды. Үкіметтің үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдауының негізінде соңғы төрт жылда өңдеу саласына тартылған инвестиция көлемі артты. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ол 7 пайызға өсті. Соның арқасында танымал компаниялар елімізге келіп қаржы құюда. Мәселен, «Дженерал электрик», «Тойота», «Пежо», «Аристон» секілді компаниялар республикамызда өз өнімдерін шығаруда. Осыдан-ақ елімізде инвесторлар үшін қажет жағдайлардың жасалғанын көруге болады. Ресейдің Орал қаласындағы бас консулы Сайд Забитов екі елдің арасындағы байланыс жыл өткен сайын дамып келе жатқанын, бүгінгі таңда ресейлік 76 кәсіпкерлік нысаны Қазақстанда табысты еңбек етіп жатқанын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, РФ мен ҚР-ның шекаралас облыстары өзара сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық бағытта 250 келісім жасасқан. Екі ел арасындағы тауар айналымының 40 пайызы осы шекаралас аймақтардың еншісінде. Батыс Қазақстан облысы басшыларының тікелей қолдауының арқасында өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Жиын барысында сондай-ақ «Қазнексинвест» АҚ-ның атқарушы директоры Дирк Вестфаль мен «Самұрық-Қазына инвест» АҚ-ның атқарушы директоры Сыздық Баймұқанов елімізге инвестиция тарту, олардың игерілуі, біріккен кәсіпорын құру бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде айтып өтті. «Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Марат Кәрімов өткен жылы өңірде аймақтық ішкі өнім көлемі 1,7 триллион теңгені құрағанын айтты. Бұл еліміздің 5,5 пайыз деңгейіндегі ішкі өніміне тең. Ақ Жайық өңірі қазба байлықтарына да бай. Соған орай облыста 119 кеніш ашылған. «Ауыл шаруашылығы саласының өңір экономикасында алар орны зор, - деді Марат Кәрімов. - Батысқазақстандықтар мал және өсімдік шаруашылығымен шұғылданады. Облыстың солтүстік бөлігі бидай, майлы және мал азықтық дақылдарды, бақша өнімдерін өсіруге қолайлы. Жайылымның кеңдігі мал басын көбейтіп, олардан экологиялық таза өнім өндіруге мүмкіндік береді. Облыс экономикасына «қан жүгіртіп» тұрған саланың бірі - өнеркәсіп. Мұнда негізінен тау-кен өндірісінің үлесі зор. Сондай-ақ жыл өткен сайын өңдеу саласының көлемі артып келеді. Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында тиісті шаралар алынуда. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда облысымызда 44,5 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның жартысынан астамы белсенді жұмыс істеуде. Олар аймақтық ішкі өнімнің 25 пайызын өндіруде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша облысымызда 30 млрд. теңгені құрайтын 261 жоба мақұлданды. Индустрияландыру картасына 257 млрд. теңгенің 35 жобасы енгізілді. Сыртқы экономикалық байланыста облыс әлемнің 105 елімен серіктес атанып отыр. Облыстың сыртқы тауар айналымы өткен жылы 1,8 млрд. долларды құрады. Бүгінде облыста шетел капиталының негізінде 500 кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның жартысынан астамы ресейлік инвестиция бойынша. Ағымдағы жылдың 9 айы ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 127 млрд. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға көп». Форум барысында инновациялық грант, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы, көлік логистикасы және туризм салалары бойынша секциялық отырыстар да өз деңгейінде өтті. Мәселен, «Машина жасау мен металл өңдеу саласының дамуы» тақырыбындағы секция жұмысында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аслан Жақыпов өңірдегі өнеркәсіп саласының дамуы жөнінде әңгімеледі. Бұдан соң сөйлеген секция қатысушылары өз мекемелерінің жетістігі жөнінде айтып, әріптестерін тәжірибе бөлісуге шақырды. Олар сондай-ақ жұмыс барысында түйткілді мәселелердің де кездесіп қалатынын жасырмай, оны шешу жолдары жөніндегі пікірлерін ортаға салды. Мысалы, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев пен «Оралагрореммаш» АҚ өкілі кәсіпорын жұмысына кедергі келтіріп жүрген жағдаяттар жөнінде айтып, қазіргі таңда қолданыста жүрген заңға өзгеріс енгізу қажет десе, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры Анатолий Тюрин машина жасау технологиясын дамытуға қатысты мәселелерді көтерді. Оған Беларусь елінен келген өкілдер де қызығушылық танытып, аталған мәселені бірігіп шешу жөнінде ұсыныс білдірді. Ал «Ақсай индустриалды паркі» ЖШС-ның бас директоры Марко Кастанинидің мәлімдемесі оралдықтар үшін шынымен де тың жаңалық болды. Ол қазақстандық мазмұнды арттыру және сапалы басқару жүйесін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап, алдағы уақытта қазақстандық кадрларды еуропалық стандартқа сәйкестеп оқыту жұмысы қолға алынатынын айтты. Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік ұйымдастырған «Инновациялық гранттар: қазіргі жағдайы және болашақтағы жоспары» тақырыбында өткен секциялық жұмыс барысында инновациялық гранттардың берілу жайы сөз болды. Онда агенттік өкілдері үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты инновациялық гранттарға республикалық бюджеттен 8,8 млрд. теңге бөлінгенін мәлімдеді. Соған орай 200 өтінімге оң шешім берілген. Ал биылғы жылы 120 өтінім түсіп, соның 30-ы қолдау тапқаны айтылды. Форум соңында облыс әкімдігі құрылыс, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, туризм, инновация салаларына байланысты тиісті мекеме-кәсіпорындармен, қоғамдық ұйымдармен жалпы құны 170 млн. доллар болатын инвестициялық меморандумдарға қол қойды. Беларусь Республикасы Өнеркәсіп министрлігінің басқарма бастығы Анатолий Павловичтің айтуынша, форумға «Минск автокөлік зауыты», «Минсктрактор зауыты», «Бобруйскагромаш», «Бобруйсксельмаш», «Гомсельмаш» сынды компаниялардың Қазақстандағы дилерлері келді. Айта кетерлігі, Оралда Минск автокөлік зауытының өкілдігі бар. «Оралагрореммаш» АҚ «Минск автокөлік зауытынан» жеткізілетін бөлшектер негізінде Төтенше жағдайлар министрлігі үшін арнайы техникалар құрастыруда. Жалпы алғанда, мұндай көрменің пайдасы зор. Басқа да қатысушылар аталмыш жиын барысында ой бөлісіп, өзара тиімді байланысты дамыту жөнінде ортақ тоқтамға келгенін мәлім етті.