Халықаралық екі байқаушы Атырау облысындағы сайлау учаскесіне барды
Жылыой – Атырау облысындағы тұрғыны көп ауданның бірі. Бұл аудандағы 24 сайлау учаскесінде 58 684 сайлаушы тіркелген.
Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау үшін пандус орнатылған. Мүгедектігі бар 9 адам №99 сайлау учаскесінде тіркеуге алынған. Сондай-ақ, 18 жасқа енді толған 31 сайлаушы бар. Бұл учаскеде сайлаушыларға қазақтың ұлттық тағамы – бауырсақ таратылды.
Ал, №101 учаске аудан орталығы – Құлсары қаласында №16 Д.Жазықбаев атындағы орта мектепте орналасқан. Дәл осы сайлау учаскесіндегі дауыс беруді екі халықаралық байқаушы бақылап отыр.
Оның бірі Швеция Республикасының азаматы Талберг Бо Понтус, екіншісі – Канададан келген Пэрис Дэлшани Эсодаран.
«Біз сайлау барысын бақылау үшін алыстағы Жылыой ауданын таңдадық. Өйткені, бізді елордадан шалғайдағы сайлаушылардың белсенділігі қызықтырады. Демократиялық қоғам құруға ұмтылған елдегі тұрғындардың көңіл-күйін көргіміз келді. Бүгін біз келіп отырған сайлау учаскесінде дауыс беру талапқа сай өтіп жатыр. Заң бұзушылық байқалған жоқ», -дейді халықаралық байқаушының бірі Талберг Бо Понтус.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау тұрғындары 261 сайлау учаскесінде таңдауын жасайтынын хабарлаған болатынбыз.