Халықаралық ғарыш стансысы экипажы ауқымды бағдарламаны орындады - командир Олег Котов
«Біздің экспедицияның бағдарламасы туралы көп айтуға болады. Сондықтан түсінікті болу үшін мен бірнеше сәттерді ғана айтайын. Біз ғарышта болған кезімізде үш «Шаттл» экипажымен жұмыс жасадық. Осының арқасында американдық сегмент екі модульмен толықты. Біз сондай-ақ ресейлік модульді де іске қостық. Сонымен қатар мен және Максим Сураев ашық ғарышқа бір рет шықтық. Бізге істейтін ешетеме табылмады деп айтуға болмайды», - деді О.Котов.
О.Котовтың айтуынша, экипаж мүшелері жақсы достасып кетті. «Біз үш мәдениеттің, үш ұлттың өкіліміз. Біздің экипаж тамаша болды және біздің арамызда таңқаларлық өзара түсіністік пайда болды. Біздің экипаждың өте жақсы бір қыры - қалжыңдай білуі. Біздің арамызда жанжал түгіл, тіпті түсінбеушілік болған бір де бір оқиға есімде жоқ және де менің әріптестерім мені қолдайды», - дейді ол.
Орбитада жүрген жарты жылдай уақыт арасында төтенше оқиғалар орын алды ма деген сұраққа О.Котов: «Жердің қолдауымен, тамаша жұмыстарымен бізге көмектескен Ұшуды басқару орталығының қолдауымен ғана шешілетін техникалық мәселелер ылғи да болады. Біз олардың алдын алып, шешімін таба алдық. Біз осындамыз ғой. Яғни бәрі дұрыс деген сөз», - деп жауап берді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана уақыты бойынша 9 сағат 24 минутта «Союз ТМА-17» кемесінің халықаралық экипажы Қарағанды облысы Жезқазған ауданына аман-есен қонған. Содан кейін ғарышкерлер Қарағанды әуежайына жеткізіліп, ол жерден олар Звездный, Хьюстон қалаларына аттанды.