16:58, 02 Қазан 2012 | GMT +5
Халықаралық ІТ Университетінің студенттері Гонконгтағы робот жарыстары туралы айтып берді
АЛМАТЫ. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Халықаралық ІТ Университетінің өкілдері Гонконг қаласында қазақстандық студенттер қатысқан робот техникасы бойынша өткен халықаралық сайыстар, осындай сайыстардың біздің елімізде өткізу болашағы туралы айтып берді, сондай-ақ қазақстандық роботтарды ұсынды.

Биыл Қазақстан 10 жылдың ішінде алғаш рет Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің арасында өткен Robocon атты робот техникасы сайысына қатысты. Гонконгтағы сайыстарда Қазақстанның атынан Халықаралық ІТ Университетінің студенттер командасы - бірінші курс студенті Шыңғыс Сақыпкерей және үшінші курс студенттері Ғалымжан Мұсағалиев мен Расулжан Полтаев шықты. Өнертапқыш студенттер 4 ай бойы автоматтандырылған роботты, қолмен басқарылатын роботты және агрегат-коллекторды құрастырды.
Робот құрастырушылардың айтуынша, Қазақстан командасының Robocon сайыстарына қатысуы елдегі робот техникасын дамыту процесін тездетіп, оны инновациялық дамыту басымдығына шығарады.
Жыл сайын Robocon-ға 20-ға жуық ел қатысады - олар робот құрылысындағы көшбасшылар.