Халықаралық іздеуде болған «НұрАлиКапитал» құрылтайшысы ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық іздеуге жарияланған «НұрАлиКапитал» ЖШС құрылтайшысы Алматыдан ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Күдікті осы жылдың ақпан айы мен 16 маусымына дейін халықаралық іздеуде болған еді. Біздің қызметкерлер аталған компанияның құрылтайшысын Алматыдан ұстады. Ол заңсыз жолмен салымшылардың мүлкі мен ақшасын иемденген», - деп хабарлады Атырау облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрхат Оразбаев.
Бұдан бұрын ер адамға қатысты Атырау қаласының тергеу соты сырттай тұтқынға алу туралы шешім қабылдаған еді. Қылмыстық істі қазіргі уақытта Атырау облысының Полиция департаментінің жедел тобы жүргізуде.
Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, қылмыстық іс ҚР ІІМ тікелей бақылауымен тергеліп жатыр.