Халықаралық келісімдерді әзірлегенде «орысша орып, қазақша дестелеуді» тиятын уақыт жетті
мемлекеттік тілдің қолданылу мәтініне қатысты бұндай сынның шын екендігі даусыз әрі сол сынның қайдан шығатыны да бәріне белгілі. Өйткені заң жобаларын әзірлегенде, халықаралық келісімдерге қол қойылғанда сондай құжатты әзірлеушілер ең алдымен орыс тіліндегі нұсқаны ұсынады. Келісімнің мәтінін де, заңның жобаларын да алдымен орыс тілінде әзірлейді. Бұл айтыла-айтыла жауырланған мәселе. Дегенмен, заң шығармашылығындағы, әсіресе халықаралық келісім құжаттарындағы мемлекеттік тіл әлі күнге ресми қолданыстағы орыс тілінің тасасында қалып келеді. Қазақстанның тәуелсіздігінен бері мемлекеттік тілдің көріп келе жатқан бұндай халін дәлелдеп жатудың қажеті де шамалы.
Ал заң шығармашылығына қайта келетін болсақ, ақыры түпнұсқасы орыс тілінде даярланған жобалар аудармашылар арқылы сауатсыз түрде қотарылып, Парламентке дейінгі барлық сатыларды «сүрінбей өтіп», заң шығарушы органның табалдырығынан аттағаннан бастап мың құбылып, бастан аяқ құлпырып шығады. Шалажансар күйінде орыс тілінің арқасына мінгесіп келген мемлекеттік тілге Парламентте ғана жан біткендей болады. Онда да Парламенттің Мәжілісі ұлт тіліндегі жоба мәтініне 10 өзгеріс енгізсе, Сенат 11 өзгеріс енгізіп кері қайтарады. Бұндай заң шығарудың «қазақстандық тәжірибесін» басқа мемлекеттерден кездестіру мүмкін емес те болар. Ал дәл осындай олқы мәселеге нүкте қояр Мәжілістің қауқары болмай отыр.
Заң шығармашылығының мемлекеттік тіліндегі жүйелі кемшіліктеріне қатысты «тәжірибе» бүгінгі Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тағы қайталанды. Бір рет емес, бірнеше жыл қатарынан әбігерге салып келе жатқан осындай «аңдамаушылыққа» депутаттар қатты кіжінді. Қызды-қыздымен Қазақстан мен Испания Корольдігі арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияны және тура осындай Қазақстан мен Армения арасындағы келісімді Үкіметке қайтарып жібере жаздады. Басқаша айтқанда мемлекеттік тілге қырын қарағаны үшін Үкіметті жазалап ала жаздады. Бірақ, мәрт Мәжіліс мәрттігіне салып, мемлекеттік тілге қырын қарағаны үшін Үкіметті жазалаған жоқ, тек сес көрсетіп қана қойды.
Әуелі заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтінінде кеткен қатеге шүйліккен депутат Владимир Нехорошев әлгіндей халықаралық келісімдердің еліміздегі іскерлік климатты жақсартатынына, құжаттың маңыздылығына қарамастан, мәтіндегі грамматикалық, лингвистикалық, стилистикалық қателіктерге, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі тең түпнұсқалықтың сақталмауына жайбарақат қарамауға шақырды. «Бұл жүйелі мәселеге айналып барады. Менің ойымша осындай өз келісімінің мемлекеттік тіл мәтініндегі қателіктері үшін Қазақстанға бір де бір ел біз секілді дипломатиялық нота жіберіп көрмеген шығар. Ендеше, мынадай қате біздің мемлекетіміздің имиджіне нұқсан келтіреді, бүйте берсе сенімді жоғалтады. Осы тұрғыдан алғанда Мәжіліс заң жобалаушыларға жұмсақтық танытпауы керек», деген депутат құжаттарды Үкіметке қайтару туралы ұсыныс жасады. Бұндай бастаманы депутат Р. Шаекин мен М. Тінекеев те қолдаған болатын.
Мәтіндегі кемшіліктің жүйелі орын алып отырғанын, сынның, кемшіліктің орынды көтерілгенін барша депутаттар мойындағандай еді. Алайда, бұл құжаттың халықаралық келісім екендігін, ендеше халықаралық қатынасқа да нұқсан түспеуі тиістігін алға тартып, мемлекеттік тіл мәтініндегі қатені «жүре түзетуді» ұсынғандар болды.
«Конституциямызға алтын әріппен жазылған мемлекеттік тіл туралы мәселеге жанашырлық танытып жатқан В. Нехорошев мырзаның бастамасын біз қолдағанмен заң жобасын әзірлеушілер қолдамайтын болса, одан пайда жоқ. Менің ойымша, мемлекеттік тіл мемлекетіміздің қабылдаған мемлекеттік рәміздердің қатарында - Елтаңба, Ту, Әнұранмен тұруы тиіс. Егер мемлекеттік тілге өз азаматтарымыздың тарапынан құрмет көрсетілмейтін болса, бұндай азаматтардың іс-әрекетін қылмыс деп қабылдау қажет. Тілге қатысты сөзбұйдадан қашан арыламыз. Бұл мәселе дәстүрге айналып, ет үйреніп бара жатыр. Егер өзіміз қабылдайтын заңды өзіміз шырылдап қорғамайтын болсақ, басқа ешкімнен жанашырлық таныла қоймас», деді Н. Өнербай.
Ал депутат Сәт Тоқпақбаев мәселені әріге тіреп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын заң да, бағдарламалар да жеткілікті екендігін, алайда ондай нормалар қолдау таппағандықтан жүзеге аспай отырғанын алға тартады. «Басқасын былай қойып, қазақтардың өзі сондай заңдарды толық қолдамайды. Өзі қолдамағаннан соң, біздің осы залда отырған басқа ұлт өкілдері де жанашырлық таныта қоймасы анық. Ендеше, тілге жан беретін де біз, өзіміз», деді С. Тоқпақбаев.
Осылайша, отырыстың күн тәртібіне белгіленген уақыттың жартысынан көбін жоғалтқан депутаттар заң шығармашылығымен айналысудың орнына аударма мәселесімен айналысып кеткендей болды. Ақыры аяғында халықаралық келісімдегі қателіктерді бір-бірлеп талдаған халық қалаулылары ондағы кемшіліктердің «зор» еместігін, кішігірім ғана дүние екендігін де алға тарта бастады. «Мемлекеттік тілдегі мәтінде, қазақтың қай сөзінде қандай қате кетсе де, біз оны қателік деп қабылдауымыз керек. Әйтпесе, бұл құрмет көрсетпегендіктің белгісі боп танылуы тиіс. Бұл жерде қазақ тілін осылайша төмендете берудің қажеті қанша?!», дейді бұған қарсы пікір білдірген депутат Рамазан Сәрпеков.
Бір сөзбен айтқанда, Мәжілісте халықаралық келісім жобасы талқыға түскен жоқ, мемлекеттік тіл мәселесі талқыға түсті. Алайда, ондай талқының нәтижесі де күткендей болмады. Әдеттегідей бұндай тілдік олқылықтар үшін заң жобасын, келісім мәтінін әзірлеушілерді жазалау тағы да кейінге шегерілді. Мәжіліс мемлекеттік тілдегі мәтінде кеткен қателерді «жүре түзеуге» тағы да көнді. Осыған қарап, «жүре түзеледі» дегеннің қоғам дертіне айналғанын аңғарғандаймыз.
Десе де, бүгінгі қазақ қоғамында мемлекеттік тілді дамыту мәселесі тиісті деңгейде айтылмай отыр деуге ауыз бармайды. Бірақ қазақ тілі мемлекеттік істерден, билік органдарының дұрыс іс жүргізуінен әлі де көрініс таба алмай келетіні рас. Ендеше, биліктің әрекетімен ұштасып, қоғаммен біте қайнаспайтын тілді қалай дамытуға болады? Шындығында, мемлекеттік тілдегі іс жүргізу, құжаттар әзірлеу әлі де болса мешеулік күйінде екендігі осыдан көрінеді. Өйткені тәуелсіздіктен бері қарай кез-келген мемлекеттік органдарда іс жүзінде тілге емес, аудармаға жүгіну барынша кең етек алып болды. Тіпті, бұл биліктің ғана емес, қоғамның да кезекті індетіне айналып келеді. Ал аудармаға сүйенген мемлекеттік тілдің ешқашан көсегесі көгермейтіні, өз деңгейіне көтеріле алмай, ылғи ресми тілдің ығында өгей бала ретінде қалатыны белгілі дүние. Сондықтан да, мемлекет ішінде ғана емес, халықаралық істерде беделді бұлай түсіре беруге жол берілмеуі тиіс еді. Тиісті министрліктер мен мүдделі органдардың заң жобаларын, халықаралық келісімдерді әзірлегенде, «орысша орып, қазақша дестелеуді» тиятын уақыты да жетті.