Халықаралық магистрлік жазғы мектеп ашылады
ISAS-2014 Халықаралық жазғы магистрлік мектептің мақсаты - қазақстандық білім мен ғылымды Еуропа кеңістігінде интеграциялауға мүмкіндік беретін, Болон процесінің басты принципі - академиялық мобильділікті жүзеге асыру.
Жазғы мектеп шеңберінде «Су ресурстарын басқару»; «Жасыл экономика»; «Топырақтану және агрохимия»; «Ветеринария»; «Орман ресурстарын басқару»; «Экоэнергия»; «Биотехнология және тағам қауіпсіздігі» дайындық бағыттары бойынша өзекті мәселелер талқыланады.
Магистранттарға «Су ресурстарын интеграциялық басқару», «Жасыл экономика: даму үрдісі және перспективасы», «Азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік проблемалары», «Ветеринария - биоқауіпсіздік мәселесінде», «Орман шаруашылығын интенсивтендіру», «Электр энергетикасы және қайта жаңғыртылатын энергия көздері», «Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары және міндеттері» білім беру бағдарламалары бойынша білімін жоғарылатуға және тәжірибе жинақтауға мол мүмкіншілік беріледі.
Халықаралық жазғы мектепте АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Финляндия, Италия, Франция, Польша, Чехия, Словакия, Словения, Румыния, Болгария, Малайзия, Литва, Латвия, Ресей және Беларусь мемлекеттерінен шетелдік ғалымдар дәріс оқиды және мастер-класс, тренингтер өткізеді. Сонымен қатар, салалық Ғылыми-зерттеу институттары мен өндіріс орындарының өкілдері өндіріс жағдайында тәжірибелік сабақтар өткізеді. Халықаралық мектепке қатысуға дүние жүзінің әртүрлі мемлекетінен және Қазақстанның 15 жоғары оқу орындарынан магистранттар тіркелген.
Халықаралық жазғы магистрлік мектеп - бұл магистранттарға кәсіби құзыреттілігін жоғарылатуға, тәжірибелік дағды алуға, сондай-ақ шетелдік ғалымдармен байланыс орнатуға берілген мүмкіндік.