Халықаралық стандартқа сай алғашқы түрме Қарағанды облысында салынбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат -Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай алғашқы түрме Қарағанды облысында салынбақ.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті. Жиын барысында Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы талқыланған болатын.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, сотталғандарды отрядтық-барақтық ұстау жағдайынан жеке камераларға бөліп ұстауға көшу көзделіп отыр. Осыған орай, Қылмыстық-атқару кодексінің жобасында сотталғандарды камералық жеке ұстау жағдайына икемдеу жеке бөліммен қарастырылады.
«Қазақстандағы 57 мың 900 адамға арналған 76 түзеу мекемелері бар. Соның ішінде қазір бізде камералық жеке ұстау қамтамасыз етілетін 7 камера бар, онда 5,5 мың адам ұсталып отыр. Ал сотталғандарды тұтастай жеке камераларда ұстау үшін қолданыстағы мекемелерді жаңғырту және жаңа колониялар мен тергеу оқшаулағыштарын салу керек. Ал 37 мың адамды осы тәртіппен ұстауға көшу үшін кемінде 25 мыңға тарта мекеме қажет. Бөлек-бөлек камераларды ұстауға көшу көп қаражатты керек етеді. Сондықтан, қолданыстағы мекемелерді қалпына келтіру өз алдына, ұстау жағдайлары әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа колониялар мен тергеу оқшаулағыштарын салу қажеттігі туындап отыр. Мұны мемлекеттің күшімен ғана шеше алмаймыз. Соған орай, біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдары негізінде алғашқы колонияны Қарағанды облысында тұрғызбақпыз», - дейді министр Қ. Қасымов.