Халықаралық Түркі академиясы Астанада білікті аудармашыларды марапаттады

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің жүргізуімен өткен алқалы жиынға Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Рашад Маммадов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің І хатшысы Чолпонай Аджиматова, Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Баатарчулуун Лхагва сынды дипломаттар, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов, сондай-ақ түркі халықтарының ежелгі ескі мұраларын қазіргі тілімізге аударған белгілі түркологтар, әдеби шығармаларды аударып насихаттаған кәсіби аудармашылар, аударма теориясын зерттеуші ғалымдар қатысты.
Семинардың алғашқы бөлімінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Түркі мұрасынының тәржімалары: тәжірибе және тағылым», Н.Назарбаев университетінің профессоры, түрколог Юлай Шамильоғлы «Түркі тілдерінің қазіргі әлемдік аударма өнеріндегі орны мен мүмкіндігі», сондай-ақ Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Жандос Асанов «Аударма - түркі халықтарының рухани бірлігінің алтын көпірі» тақырыптарында мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, белгілі философ ғалым Ғарифолла Есім, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасының меңгерушісі Серікгүл Сәтенова мен түркітанушы Нәпіл Базылхан да аударма ісі жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар аударманың түркі әлемін тұтастырудағы рөлі, көне түркі мұрасы және ғылыми аударма мен аудармашы мамандар дайындаудағы өзекті мәселелерді талқылап, өзара пікір жарыстырды.
Бұдан бөлек, семинар барысында TWESCO тарапынан әзірленген, Түркі әлемі аударма ісіне маңызды қызмет ететін екі ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті. Осылайша Академия түркітанудағы іргелі еңбек саналатын «Древнетюркский словарь» («Көне түркі сөздігі» мен қырғыз ғалымдары К.Конкобаев. Н.Усеев, К.Шабданалиевтің авторлығымен жарық көрген «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» («Алтай республикасының көне түркі жазба ескерткіштерінің атласы» кітаптарын көпшілікке таныстырды. Аталған басылымдар кәсіби түркітанушылар және көне түркілердің мәдениеті, тілі мен тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға арналған.
Келесі ретте Академия басшысы Түркі әлемі аударма ісіне ерекше еңбек сіңірген тұлғаларды марапаттады. Атап айтсақ, «Түркі әлемі ақын-жазушыларын насихаттау мен аударуға үлес қосқаны үшін» түркиялық жазушы, көркем сөз шебері Зафер Кибар және көрнекті түркітанушы ғалым Сейсенбай Құдасов «Көне армян-қыпшақ мұрасын зерттеп, тәржіма ісіне қызмет еткені үшін» TWESCO Алғыс хаттарына ие болды.
Айта кету керек, бүгін тұсауы кесілген кітаптар мен Академия әзірлеген өзге басылымдар 11-ші қарашаға дейін жалғасатын халықаралық кітап көрмесінде ұсынылып отыр. Түркі академиясының кітапхана қорындағы құнды еңбектермен де TWESCO павильонынан танысуға болады.