«Халықаралық түрме реформасының» сарапшысы Қазақстандағы «түрме тұрғындарының» санын азайтуға қатысты өзгерістермен танысты

Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
Сапар аясында Д.Подмор республиканың пенитенциарлық жүйесіндегі «түрме тұрғындарының» санын азайтуға, сотталғандардың коммуналдық-тұрмыстық жағдайын жақсартуға және медициналық-санитарлық қамтамасыз етілуіне септігін тигізген оң өзгерістермен танысты. Сондай-ақ ол Бас прокуратураның «Penal Reform International» («PRI») өкілдігімен ынтымақтастық нәтижелерімен және адам құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-шаралар жөнінде хабардар болды.
«Мысалы, мұндай тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде «PRI» аймақтық өкілдіктерінің, қоғамдық бақылау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен түзету мекемелерінде тәуелсіз мониторинг жасалды. 2011 жылы олар ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде 550 рет болды. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық келісімдерді үйрету бойынша бірлескен оқытулар жүргізілді. Қазіргі уақытта ұйым өкілдері ұлттық превентивтік тетіктер жасау туралы заң жобасын қарауға атсалысуда», - делінген баспасөз хабарламасында.
Джон Подмор Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін реформалау, халықаралық құқық нормаларын ұлттық заңнамаға сәйкестендіру бойынша қабылданған шараларын оң бағалап, «Penal Reform International» өкілдігімен жемісті ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол болып өткен кездесудің қорытындылары ұйымның Орталық Азиядағы жұмысын одан әрі жетілдіруге айтарлықтай үлесін қосатынын атап өтті.