Халыққа саяси айқындық қажет - Дәурен Бабамұратов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Жастар үні» ЖҚБ төрағасы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Дәурен Бабамұратов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халыққа саяси айқындық қажет - Дәурен Бабамұратов

Оның айтуынша, Президенттің сайлау күнін белгілеуі уақтылы болды.

"Әсіресе шетелдік инвесторлар, экономикадағы ірі ойыншылар әбден тұрақтылыққа үйренген. Елбасының наурыз алдындағы халыққа үндеуінен кейін ел абдырап қалғаны сөзсіз. Қалыптасқан жағдайда осы уақытқа дейін экономика мен халықаралық деңгейдегі Елбасының жетістіктерін сақтай отырып, жаңа белестерге ұмтылу үшін халыққа да саяси айқындық қажет. Қазір Тәуелсіз Қазақстан бұрын өтпеген соқпақтармен өз болашағын айқындауда. Елге бірлік, сайлауға әділдік, экономикаға тұрақтылық қажет. Сол себепті сайлау науқанына барынша қатысу дәл қазір әрбіріміздің міндетіміз",- деді Дәурен Бабамұратов.

Айта кету керек, Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.