12:02, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халықты жұмыспен қамту дағдарыс кезінде Қазақстан экономикасының алдында тұрған ең негізгі мәселе-Үкімет басшысы
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында халықты жұмыспен қамту Қазақстан экономикасының алдында тұрған ең негізгі мәселе. Бұл туралы бүгін Көлік және коммуникация министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстаннан экспортталатын өнімдердің тежелгенін біз 2008 жылдың төртінші тоқсанында көрдік. Бұл 2009 жыл бойы жалғасатын болар. Сондықтан халықты жұмыспен қамту тұтастай алғанда біздің экономикамыздың алдында тұрған ең негізгі мәселе. Біз өз құрылымымызды барлық салаларда жұмыссыздар санының ұлғаюына жол бермейтіндей етіп құруымыз қажет», деді Үкімет басшысы.
К. Мәсімовтың айтуынша, тұтастай алғанда Үкімет, оның ішінде Көлік министрлігі көлік және коммуникация кешеніне қарасты мемлекеттік компанияларда болсын, жеке компанияларда болсын адам жұмыстан босап қалған жағдайда, оны жұмыспен қамтудың кешенді шараларын жасауы қажет. Бұл ретте Үкімет басшысы осы кезеңді пайдаланып мамандарды біліктілігін арттыру қажеттігін айтты. «Осы шаралар кешенін өте мұқият пысықтау қажет», деді ол.