Халықтың жан басына шаққандағы шынайы табысы 5,2% төмендеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы І тоқсанда Қазақстан халқының жан басына шаққандағы номиналды табысы 10,7% өскен. Бірақ, жылдық мәндегі инфляция мен азық-түлік бағасының, қызметтер ақысының артуына байланысты табыстың өсімін қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. Соның салдарынан, халықтың шынайы табысы былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда 5,2% төмендеп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің 2023 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысында айтылған.

«Алдын ала бағалау бойынша, 2023 жылғы қаңтар-мамырда жалпы ішкі өнімнің өсуі 2022 жылғы қаңтар-мамырға қарағанда 4,5% болды. Тауарлар өндірісі – 3,6%, көрсетілетін қызметтер өндірісі 4,9% өсті. 2023 жылғы мамырда жылдық мәндегі инфляция 15,9%-ға жетті. Азық-түлік тауарларының бағасы – 16,5%, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 17,2%, ақылы көрсетілетін қызметтердің бағасы 13,5% артты. Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірістері 2023 жылғы сәуірде 167 мың теңге болып, номиналды мәнде – 10,7% өссе, нақты мәнде 5,2% төмендеді», - делінген мәліметте.

Сәйкесінше, орташа айлық жалақы 2023 жылғы сәуірде 347,6 мың теңге болып, 2022 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда номиналды мәнде – 15,2% артып, нақты мәнде 1,4% төмендеген. Ал, жұмыссыздық деңгейі 2023 жылғы I тоқсанда 4,8% болып отыр.


Соңғы жаңалықтар