18:54, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Халықтың және экономиканың игілігі үшін дағдарысқа қарсы бағдарламаға өзгертулер енгізілді
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Министрлер кабинетінің отырысы өтіп, онда Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржылық бақылау агенттігінің 2009-2010 жылдарға арналған экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының кейбір тұстарына өзгертулер енгізілген қаулы қабылданды.
Оған сәйкес, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында енді ипотекалық несиелеудің арнайы бағдарламасын іске асыруға және тұрғын үй құрылысын дамытуға Астана мен Алматы қалаларынан бөлек, Алматы облысы да қатысатын болады.
Жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуді көздеген екінші бір қаулы бойынша, «Самұрық-Қазына» қоры алдағы наурыздың 1-іне дейін тұрғын үй нысандарының құрылысын аяқтауды қаржыландыру үшін, соның ішінде ипотекалық несиелеу жолымен екінші деңгейлі банктердің өтінімдерін қабылдауды қамтамасыз етеді. Есте болса, былтыр күзде дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданған кезде Премьер-Министр құжаттың «тірі организм» екендігіне тоқталып, уақыттың талабына сай қажет болса, оған түзетулер енгізілетінін айтқан еді. Енді міне соның біріне куә болып отырмыз. Дағдарысқа қарсы бағдарламада экономиканың нақты секторындағы бес салаға мемлекеттің кешенді қолдау көрсетуі қарастырылғаны белгілі. Соның бірі - жылжымайтын мүлік нарығы. Бағдарлама қабылданбай тұрғанда бұл саладағы қордаланған проблемалар жетіп артылатын. Олардың ішіндегі ең бастысы - алданған үлескерлердің мәселесі. Үкіметтің жүйелі жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесінде бұл түйткілді проблеманың да түйіні біртіндеп шешіліп жатыр. Айталық, 2007 жылдың қыркүйек айында елімізде құрылысы аяқталмаған және проблемалы 444 тұрғын үй нысаны болған. Бұларға 63 мыңға жуық үлескерлер қаржысын салыпты. Бүгінде жаңағы 444 нысанның 180-інің құрылысы аяқталып, 24 мыңнан астам үлескер баспаналы болған. Дейтұрғанмен, жағдайдың өстіп оң шешіліп жатқанына қарамастан, үлескерлердің проблемасын біржақты ету үшін әлі де пысықтауды қажет ететін мәселелер шығып жатыр. Үкіметтің осы сейсенбідегі отырысында Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник еліміздегі 43 мың 600 үлескердің 6 мың 200-ін мемлекеттік қолдаудың нақты механизмдері әлі анықталмағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Астанада Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасында 29 тұрғын үй нысаны қамтылмай қалыпты, олардағы үлескерлердің ұзын саны - 4,5 мың. Ал Алматыда 1,6 мыңнан астам үлескер қаржысын құйған 13 нысан бағдарламаға енбеген. «Бұл проблеманы шешу үшін Бірлескен іс-қимыл жоспарында қамтылмай қалған үлестік құрылыс нысандарын аяқтау әдістерін анықтау қажет», деген еді кеңесте В. Школьник. Үкіметтің бүгінгі отырысының барысында жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу мәселелері талқыланып, бірлескен іс-қимыл жоспарының тұрғын үй құрылысын дамыту бөлігіне өзгертулер енгізілгенін ескерсек, В. Школьниктің сейсенбідегі базынасы ескерілді деп ойлаймыз. Себебі, бағдарламаға бекерден-бекер түзетулер енгізілмес еді. Егер солай болса, мұны ағымдағы проблемаларды «сағызша созбай» дер кезінде шешуге дағдыланған қазіргі Министрлер кабинетінің жұмысындағы ерекшелік деп айтса да болады. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның ипотекалық несиелеудің арнайы бағдарламасын іске асыру бөлігіне өзгертулер енгізілген қаулының қабылданғанын жоғарыда айттық. Оған сәйкес, бюджет саласы қызметкерлері үшін ипотекалық несиенің тиімді ставкасының мөлшері теңгемен 9 пайыздан, ал басқа қарыз алушылар үшін 11 пайыздан аспайтын болып бекітілді. Бұл не үшін жасалып жатыр? Өткенге көз жүгіртсек, еліміздің тұрғын үй құрылысы нарығы қарқынды дамыған тұстарда банктер тұрғын үйді сатып алушы адамдарға несиені доллармен жылдық үстемақысы 13-13,5 пайызбен берген болатын. Доллардың курсы 120 теңгеге дейін төмендеген кездері несиені көк қағазбен өтейтін адамдардың жолының болғаны рас. Ал жуырдағы девальвациядан кейін мұндай адамдардың отбасылық бюджетіне аздап болса да ауыртпалық түсіп отыр. Осы тұста Үкіметтің бұрынғы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру жөнінде қабылдаған шешімі доллармен алған несиесі көп адамдар үшін жағымды жаңалық болғаны рас. Тиісті шешімге сәйкес, адамдар енді ипотекалық несиелерін доллардан теңгеге ауыстыра алады. Бұл бағдарламаға кіру үшін банктерден тұрғын үйге ипотекалық несие алған азаматтың пәтерінің аумағы - 120 шаршы метрден аспауы тиіс және ол оның басындағы жалғыз баспанасы болуы шарт. Сонымен қатар, бағдарламаға кіретіндердің екінші деңгейдегі банктерде мерзімінен асып кеткен қарыздары болмауы тиіс. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін Үкімет 1 млрд. доллар бөліп отыр. Дағдарыс кезінде кейбір мемлекеттер қандай да бір проблеманы шешу үшін қаржыдан тапшылық көріп жатқанда, Қазақстан Үкіметінің экономиканың нақты секторларына қолдау көрсетіп қана қоймай, елдің мұң-мұқтажын ескеріп, олардың ағымдағы проблемаларын шешуге көңіл бөліп жатқаны және сол үшін тиісті ресурстарды бөлгені мемлекеттің бұған дейін жүргізген экономикалық саясатының дұрыстығын тағы бір дәлелдеп отыр.
* * * Кеше Астанада өткен «Нұр-Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев энергия көздерінің және кен-металлургия өнімдерінің бағасы қалпына келген кезде теңгенің бағамы қайтадан нығаятынын жеткізіп, экспортшыларымызды қиын жағдайда қалдырмас үшін әлі теңгенің бағамы қатты нығайып кетпеуі үшін шаралар қабылдайтын уақыт келетінін айтып қалды. Ешқандай дағдарыстың мәңгілік емес, қиын кезеңдерден кейін де мамыражай заман орнайтыны әуелден қалыптасқан заңдылық. Осыны ойға алсақ, енді 1-2 жылдан кейін Қазақстан табысты экономикалық өрлеу күтіп тұрғанын бағамдауға болады. Тиісінше ұлттық валютамыз да нығая түседі деген сөз. Демек дәл қазіргі уақытта несиені доллармен алғандардың оны теңгеге ауыстыру-ауыстырмауы жеке құзырындағы мәселе. Алайда, несиені доллармен көп мөлшерде және ұзақ мерзімге алған адамдарға бұл мүмкіндікті мүлт жібермегендері дұрыс сияқты. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына енгізілген бүгінгі өзгерістерге сәйкес, шағын және орта бизнес субьектілері үшін берілетін несие сыйақысының тиімді ставкасының жоғарғы шегі - 12,5 пайыздан аспауы тиіс. Дағдарыс басталмай тұрғанда екінші деңгейлі банктер бұл салаға несиені жылдық үстемақысы 14 пайызбен, ал былтыр тіпті 18 пайыздың үстінде бергені белгілі. Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде пайыздық ставка деңгейінің төмендетілуі мемлекеттің шағын және орта бизнестің қанатын кеңге жаюына айрықша көңіл бөліп отырғанын білдіреді. Бұдан бөлек шағын және орта бизнеске берілетін несиені өтеу мерзімі 7 жылға ұзартылып, ал мөлшері 750 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл саланың еліміздің ішкі жалпы өнімдегі үлесін тым болмағанда 30-40 пайызға жеткізуді көздеп отырған мемлекеттің осы қадамын, келешекті көздеген, дағдарыстан кейінгі кезеңде серпінді дамуды қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан шара деп бағалаған дұрыс. Үкіметтің бүгінгі қаулысымен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және екінші деңгейлі банктер арасында шағын және орта бизнес субьектілерін несиелеу үшін банктерге қаржыны орналастыру туралы бас келісімнің жобасы мақұлданды. Демек, шағын және орта бизнестің жұмысын белсендіру үшін қаржы ұйымдарына жуық арада қаржы түседі деген сөз. Ендігі мәселе уақытты оздырмай, жұмысты тездетіп дөңгелетіп әкетуге тіреліп тұр.
Осы арада бұл шағын және орта бизнес субьектілеріне мемлекет тарапынан биыл көрсетілетін көмектің бір парасы ғана екенін айтқан жөн. Бұлай дейтініміз, «Нұр-Отан» партиясының кешегі жиынында Елбасы мемлекет кәсіпкерлердің сұрауы бойынша шағын және орта бизнес субьектілерін тексеруге биыл да мораторий жариялауға дайын екенін ашып айтты. Алайда бұл үшін мемлекеттің шағын және орта бизнеске қоятын бір шарты бар: кәсіпкерлер «сыйға сый, сыраға бал» деген принципті қатаң ұстанып, бюджетке тиісті салықтарын дер кезінде төлеп отырулары тиіс. Елбасының айтуынша, былтырғы мораторийді пайдаланып, көптеген кәсіпкерлер қазынаға салық төлемеген. Мемлекет басшысы мұндай бассыздыққа кәсіпкерлер ендігәрі жол бермейтіндері жөнінде уәде беретін болса, мемлекет олардың өтінішін қанағаттандыруға әзір екенін айтып, Үкіметке биыл да шағын және орта бизнес субьектілері үшін мораторий жариялаудың қажеті бар ма, жоқ па, деген мәселені пысықтауды жүктеді. * * * Үкіметтің осы аптадағы селекторлық кеңесінде девальвациядан кейін болып жатқан «бағадағы бассыздықтарға» қатысты бірқадау мәселелер қаралды. Солардың бірі - дәрі-дәрмектердің бағасы. Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, девальвациядан кейін еліміздің кей өңірлеріндегі дәріханалар бірқатар дәрі-дәрмектердің бағасын көтеріп жіберген. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарының аумағындағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бағасының өсімі - 39-45 пайыз аралығында болған. Ал Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстанда өсім 30 пайызды құраған. Ж. Досқалиевтің айтуынша, қоймалардағы дәрі-дәрмектердің барлығы девальвацияға дейін әкелінген және бұрынғы бағамен сатып алынған. Сондықтан теңгенің құнсыздануын сылтауратып, олардың бағасын көтеруге еш негіз жоқ. Егер мұндай заңсыздық жалғаса беретін болса, Денсаулық сақтау министрлігі бағаны негізсіз көтерген дәріханалардың лицензиясын қайтарып алатын болады. Осы тұста халықтың санасында «Үкімет тарапынан қатаң шаралар қабылданып жатқандықтан дәрі-дәрмектердің бағасы бұрынғы күйінде қала береді екен» деген түсінік қалыптаспауы тиістігін де айтқымыз келеді. Себебі, Қазақстан халқының тұтынып жүрген дәрі-дәрмектерінің 90 пайызы сырттан әкелінеді екен. Демек, ендігіәрі елімізге импортталатын дәрі-дәрмектердің бағасы бұрынғыдан қымбаттау келеді деген сөз. Ж. Досқалиев бұдан былайғы импортталатын дәрілердің бағасы асып кеткенде 12 пайызға көтеріледі деп отыр. Ал Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектердің бағасы бұрынғы күйінде қалады. Дәрілердің бағасына мониторинг жасау үшін министрліктің жанынан арнайы комиссия құрылып отыр. Ал, кеше Астанада Денсаулық сақтау министрлігі, «Атамекен одағы» Ұлттық экономикалық палатасы және 5 фармацевтикалық қауымдастық арасында дәрі-дәрмектермен үздіксіз қамтамасыз ету және дәрілік заттар мен медициналық техникалардың бағаларының өсімін тежеу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бір жылға бекітілген меморандум дәрі-дәрмек заттары нарығындағы жағдайды тұрақтандыруды көздейді. Қол қойылған құжатқа сәйкес, отандық өндірушілер өздерінің өнімдерінің бағасын көтермейді, ал шетелдік өндірушілер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында сатып алынған препараттар бойынша қосымшы жеңілдіктер ұсынатын болады. Көтерме және бөлшек сауда желілері дәрі-дәрмектердің құнына әсер ететін шығындарды азайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енбей қалған халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары жиі қолданатын 100 дәрілік препараттарға арналған бағаны фиксациялау туралы шешім қабылданды.