ХАМАС екі ел арасындағы бейбітшіліктен қауіптенгендіктен соғыс ашты – Байден
АҚШ президенті Джо Байден Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
- ХАМАС бәрінен израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы бейбітшіліктен қауіптенеді, сол себепті соғыс ашты. Террор, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру және соғыс жолын жалғастыру дегеніміз ХАМАС-қа не істегісі келсе, соны істесін деп ерік берумен бірдей. Біз олай жасай алмаймыз, - деп жазды Джо Байден.
Бұған дейін Байден Израиль мен ХАМАС-тың соғысты уақытша тоқтату туралы шешімін қолдауға шақырған болатын. Ол алдағы уақытта АҚШ «Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылық циклін» тоқтатуы керек екенін атап өтті. АҚШ басшысы соғыс қимылдарын екі себеп бойынша тоқтатуды алға тартқанын айтты: Газаға гуманитарлық көмек жеткізілімін кеңейту және кепілге алынғандарды босату.
Катар Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Газада соғыс қимылдарын тоқтату режимі 24 қараша күні таңертең басталды.