ХАМАС Газа бойынша жан-жақты келісімге дайын екенін жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Палестина тобы Газадағы соғысты тоқтатып, Израиль әскерін шығару үшін кепілге алынғандардың барлығын босатуға дайын екенін мәлімдегенімен, Израиль билігі өз шарттарын талап етіп, бұл ұсынысты қабылдамады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

ХАМАС Газа бойынша жан-жақты келісімге дайын екенін жеткізді
Фото: Анадолы

Сәрсенбі күні палестиналық ХАМАС қозғалысы соғысты тоқтатып, Израиль әскерін толықтай шығару үшін кепілге алынғандардың барлығын босатуға дайын екені туралы мәлімдеме жасады.

ХАМАС ұйымы «басқыншылық биліктің қолында ұстаған палестиналық тұтқындардың келісілген санына айырбас ретінде ұсталған барлық содыр босатылатыны туралы» жан-жақты келісім жасауға дайын екенін баса айтады.

– Бұл келісім Газа секторындағы соғысты тоқтатады, оккупация күштерінің Газа секторынан шығарылуына, Газа секторына қажетті барлық тауардың импорты үшін шекара өткелдерінің ашылуына және қайта құру процесін бастауына әкеледі, - делінген ХАМАС мәлімдемесінде.


Топ Газа секторын басқару үшін «технократтардың тәуелсіз ұлттық әкімшілігін» құруға дайын екенін атап өтті.

Ұйымның мәлімдемесі АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-ты кепілге алынған 20 адамды босатуға шақырғаннан кейін көп ұзамай жасалды.


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі ХАМАС-тың мәлімдемесін сынға алды. 

– Өкінішке орай, бұл ХАМАС-тың кезекті қадамы, ешқандай жаңалық жоқ, - деді ол. 

Нетаньяху кеңсесі Газадағы соғыс бес шарт орындалғанда ғана аяқталатынын қайталады: кепілге алынғандар босатылады, ХАМАС қарусыздандырылады, Газа секторы демилитаризацияланады, Израиль анклавты бақылауға алады және балама азаматтық әкімшілік құрылады. 

– Тек осы шарттар ғана ХАМАС өзі ашық уәде еткеніндей, 7 қазандағы қырғынды қайта қайталауына жол бермейді, - деді Нетаньяху кеңсесі. 

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац ХАМАС-ты жақын арада қатаң таңдау күтіп тұрғанын ескертті: не Израильдің соғысты аяқтауы, соның ішінде кепілге алынғандарды босату және қарусыздану туралы шарттарын қабылдауы немесе Газа қаласының «Рафах пен Бейт Ханун сияқты» болуы. 

Газаға шабуыл

Израиль қазір Газа қаласын басып алу үшін кеңейтілген шабуылға дайындалып жатыр. ЦАХАЛ қазірдің өзінде резервке мыңдаған адам шақырды. Шабуыл қыркүйек айының ортасында басталуы мүмкін. 

Тамыз айында ХАМАС Израильмен 60 күндік атысты тоқтатуға келісті, оның ішінде Газа секторында кепілге алынғандардың жартысын қайтару және Израильдің кейбір палестиналық тұтқындарды босату келісімі бар. 

ХАМАС қабылдаған ұсыныс Израильдің әскери операцияларын 60 күнге тоқтатуды қамтыды және екі жылға жуық уақытқа созылған қақтығысты тоқтату үшін жан-жақты келісімнің негізін белгіледі. Бірнеше күннен кейін Нетаньяху Израиль Газадағы кепілге алынғандарды босату және соғысты тоқтату үшін, бірақ Израиль үшін қолайлы шарттармен келіссөздерді дереу жалғастыратынын айтты. 

– Бұл уақытта анклавта ұрыс жалғасып жатыр. Бейсенбі күні таңертеңнен бері Израильдің бүкіл аймақтағы шабуылдарынан кемінде 31 палестиналық қаза тапты. Оның 19-ы Газа қаласында, - деп хабарлайды AlJazeera. 

Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ Израильдің Газадағы әрекетінен кемінде 21 мың бала мүгедек болып қалғанын хабарлағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар