ХАМАС Газаға арналған гуманитарлық көмек қорын жоюды талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Палестиналық радикалды ХАМАС қозғалысы Израиль мен АҚШ басқаратын Газа гуманитарлық көмегі қорының (GHF) таратылуын талап етті. Қозғалыс қорды бейбіт тұрғындардың қазасына себепші болды деп айыптады, деп хабарлайды ТАСС.

ХАМАС өкілдері Қатарда бітімге қатысты келіссөздерді жалғастырып жатыр.
— Сионистік-америкалық күштердің гуманитарлық көмек тарату пункттерінің маңында бейбіт тұрғындарды жүйелі түрде өлтіруі — бұл қордың қоршау, аштық пен қырғын ұйымдастырудағы қылмыстық рөлін дәлелдейді. Бұл жағдай бүкіл араб әлемі мен халықаралық қауымдастықтан бұл адамгершілікке жат механизмді жою және оның авторларын жауапкершілікке тарту үшін дереу әрекет етуді талап етеді, — делінген ХАМАС мәлімдемесінде.
Бұған дейін катарлық Al Jazeera телеарнасы хабарлағандай, сенбі күні Газа секторындағы Рафах қаласының Әл-Шакуш ауданында GHF-ке тиесілі нысанның алдында Израиль әскері оқ жаудырып, 34 палестиналықты өлтірген. Адам құқығын қорғау ұйымдары бұл нысандарды «адам етін қырған орындар» және «өлімге толы тұзақтар» деп атады.
Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мамыр айының соңында GHF өз жұмысын бастағаннан бері, осы қор нысандарында 800-ден астам палестиналық қаза тауып, шамамен 5 мың адам жараланған.
2025 жылдың 2 наурызынан бері Израиль шешімімен Газа секторына халықаралық гуманитарлық көмек кіргізілмей отыр. Барлық бақылау-өткізу бекеттері жабық, ал азық-түлік тек GHF пункттері арқылы ғана таратылады.
Бұған дейін Израиль мен ХАМАС арасында Газа секторында атысты тоқтату жөнінде келісімге жақындағаны хабарланған болатын.
Айта кетелік ДДСҰ Газа секторына 11 жүк көлігімен медициналық көмек жеткізген еді.