ХАМАС гуманитарлық үзіліс туралы Израиль ұсынысынан бас тартты
ХАМАС ұйымы соғысты бір аптаға тоқтатып, оның өтеуі ретінде 40 адамды тұтқыннан босату туралы Израиль ұсынысынан бас тартты. Kazinform бұл туралы Wall Street Journal-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, әскерилердің қолбасшылығы соғысты тоқтату туралы келісім күшіне енбейінше, израильдік тұтқындарды қайтару мәселесін талқылаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
ХАМАС-тың шешімін аталған топтың саяси қанатының жетекшісі Исмаил Хания египеттік барлаушылармен кездесуде айтқан. Ол Каирға оқ атуды тоқтату және Газа секторына жеткізілетін гуманитарлық көмек көлемін арттыруды келісуге келгенін атап өткен.
Еске салайық, 19 желтоқсанда 80 елдің елшілері мен дипломаттары алдында сөз сөйлеген Израиль президенті Ицхак Герцог өз елі жаңа бітімгерлік үзіліс пен Газа секторына қосымша гуманитарлық көмек жеткізу үшін ХАМАС қозғалысымен келіссөзге ашық екенін мәлімдеген болатын.
Израиль – Палестина шиеленісі
Биылғы 7 қазанда палестиналық ХАМАС ұйымы Израильге қарсы операция бастады. Газа секторынан Израильге қарай мыңдаған ракета ұшырылды, қаруланған топтар изральдік елді мекендерге басып кірді. ХАМАС бұл операция Шығыс Иерусалимде оккупацияланған Әл-Ақса мешітіне жасалған шабуылға және израильдіктердің палестиналықтарға қарсы артып келе жатқан зорлық-зомбылығына жауап екенін айтты.
Өз кезегінде Израиль ХАМАС-қа қарсы жауапты операция бастап, оның соңы Газа секторындағы халықты жаппай қыруға ұласты. 27 қазанда Израиль Газаға құрлықтағы әскерімен соққы жасауға көшті.
Бүгінде Газаның 2,3 млн тұрғыны эксклавтың толық қоршауда қалуынан азық-түлік, су, дәрі-дәрмек тапшылығынан зардап шегіп отыр. Мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер зақымдалды немесе толығымен қирады.
ХАМАС пен Израиль арасында 24 қараша күні таңертең күшіне енген «Гуманитарлық үзілік» 1 желтоқсанда таңертең аяқталды. Бұл күндері екі тарап тұтқынға алынған ондаған адаммен алмасты.
Бітім туралы уақытша келісім аяқталысымен Израиль газаға қарсы шабуылын жалғастырды.
Желтоқсан айының алғашқы онкүндігіндегі мәлімет бойынша, Израильдің Газаға шабуылынан 17,7 мың адам қаза тапты.