ХАМАС Израильге екі тұтқынның мәйітін қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM – Палестиналық ХАМАС қозғалысы Израильге екі қаза тапқан тұтқынның — 84 жастағы Амирам Купер мен 25 жастағы Сахар Барухтың мәйітін тапсырды.

ХАМАС передал Израилю тела двух погибших заложников
Фото: Anadolu

Израиль билігі бірнеше сағатқа созылған сәйкестендіру рәсімінен кейін олардың жеке басын растады.

Израиль қорғаныс армиясының мәліметінше, Купер 2023 жылғы 7 қазанда Нир-Оз кибуцынан ұрланып, 2024 жылғы ақпанда тұтқында қаза тапқан деп болжанады. Ал Барух Беэри кибуцында ХАМАС жасақтары тарапынан тұтқынға алынған және 2023 жылғы желтоқсанда тұтқындарды босату операциясы кезінде көз жұмған.

Қорғаныс ведомствосы олардың өліміне қатысты нақты қорытынды Тель-Авивтегі Абу-Кабир сот-медицина институтында сараптама аяқталғаннан кейін шығатынын мәлімдеді.

Бұл соңғы тоғыз күн ішінде ХАМАС Израильге қаза тапқан тұтқындардың денесін қайтарған алғашқы жағдай болып отыр. Израиль тарапы қозғалысты 10 қазанда күшіне енген атысты тоқтату жөніндегі келісімді орындауды әдейі созып отыр деп айыптады.

Келісім шарттарына сәйкес, ХАМАС барлық қаза тапқан тұтқындардың мәйітін қайтаруы тиіс болатын. Алайда қазіргі уақытта 11 адамның денесі әлі де Газа секторында қалып отыр.

Израильдегі Тұтқындар мен хабарсыз кеткендер отбасыларының форумы бұл жаңалық туыстарына аз да болса жұбаныш береді деген үмітте.

Мәйіттерді Халықаралық Қызыл Крест комитеті қызметкерлері Израиль әскерилеріне табыстағаннан кейін, олар ел аумағына жеткізіліп, үстіне ұлттық ту жабылған табыттармен әскери раввиннің қатысуымен қоштасу рәсімі өткізілді.

Израиль премьер-министрі кеңсесі қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, үкіметтің барлық қаза тапқан тұтқындардың денесін лайықты жерлеу үшін қайтаруға бар күшін салатынын атап өтті. Сондай-ақ ХАМАС келісімге сәйкес өз міндеттемелерін орындап, делдал елдер арқылы мәйіттерді толық қайтаруы тиіс екені ескертілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Израиль Газа секторында әуе соққылары тоқтаған соң атысты тоқтату режимін қайта енгізген болатын. Ал ХАМАС өз кезегінде тұтқындардың денелерін іздеу жұмыстарын кеңейткен.

Соңғы жаңалықтар