ХАМАС Израильге төрт тұтқынның денесін тапсырды
АСТАНА.KAZINFORM — Палестиналық топ Израиль әуе күштерінің Газа секторына жасаған соққысынан олардың төртеуі де, оның ішінде екі бала да қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
ХАМАС 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылда тұтқынға алынған Шири Бибастың, оның екі баласы Ариэль мен Кфир Бибастың және 83 жастағы израильдік Одед Лифшицтің мәйітін тапсырды.
Өткен айда АҚШ-тың қолдауымен және Катар мен Мысырдың араласуымен Газада жасалған атысты тоқтату келісімі бойынша мәйіттер бейсенбі күні Газаның оңтүстігіндегі Хан Юнис қаласындағы Халықаралық Қызыл Крест комитетіне тапсырылды. Табыттар тапсырылған соң жарылғыш заттардың бар-жоғы тексерілгені хабарланды.
Кепілге алынғандардың ең жасы Кфир Бибас болды. Бүкіл Бибас отбасын, оның ішінде әкесі Ярденді ХАМАС басқарған содырлар басып алған Газа маңындағы бірқатар елді мекендердің бірі Нир Оз қаласынан ұрлап әкеткен кезде ол тоғыз айлық еді.
Бір күн бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі Израильдің қаза тапқан тұтқындарының тізімін алғанын растады.
ХАМАС кепілге алынғандардың қазасына Израильді айыптайды.
— Сионистік басқыншылар ұшағы олар ұсталған жерлерді әдейі бомбалағанға дейін төртеуі де тірі болған, — деді Палестина өкілі.
Тұтқындар Израиль армиясының бомбасынан қаза тапқандары айтылды.
— Біз ұлдарыңыздың тірідей қайтарылғанын қалаған едік, бірақ сіздің армияңыз бен үкімет басшыларыңыз оларды қайтарудың орнына өлтіруді жөн көрді, — деді ХАМАС өкілі өлтірілген израильдік тұтқындардың отбасыларына сөйлеп.
2023 жылдың қарашасында ХАМАС балалар мен олардың анасы Израильдің әуе шабуылынан қаза тапты деп мәлімдеді, бірақ Израиль билігі олардың өлімін бірде-бір рет растаған жоқ.
Израильде қаралы күн
Мәйіттер Израильге тапсырылғаннанн кейін Израиль қорғаныс күштерінің бас раввині Газа секторында қаза тапқан төрт израильдік тұтқынның құрметіне әскери рәсім өткізді. Кейін кепілге алынғандардың мәйіттері салынған колонна Израиль шекарасынан өтіп кетті.
Елдің ұлттық туын көтерген израильдіктер мәйіттер өткен жолмен жүріп өтті.