ХАМАС Мысырмен Газа бойынша жан-жақты келісімді талқылады

АСТАНА.KAZINFORM — Каирде өткен келіссөзде соғысты тоқтату және сектордағы жағдайды реттеу, соның ішінде әскерлерді кезең-кезеңмен шығару және халықаралық бақылауды қамтамасыз ету шарттары сөз болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.  

ХАМАС Мысырмен Газа бойынша жан-жақты келісімді талқылады
Фото: Анадолы

ХАМАС делегациясы соңғы екі күнде мысырлық делдалдармен соғысты тоқтату және Газа секторындағы жағдайды реттеу туралы келісім жобасы бойынша келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Al-Arabiya және Al-Hadath телеарналары.

Олардың мәліметінше, қозғалыстың Каирдегі делегациясы мысырлық делдалдарға Газадағы атысты тоқтату келісіміне қатысты талаптарын жеткізген.

Газа секторындағы қозғалыс жетекшісі Халил әл-Хайя бастаған ХАМАС делегациясы сейсенбі күні Мысыр тарапының шақыруымен Каирге келді. Палестиналық топ атысты тоқтату және бітімге келу туралы келіссөздерге тезірек оралуға мүдделі екенін білдірді.

Телеарналардың хабарлауынша, келісім жобасы екі кезеңнен тұратын жан-жақты тұтқын алмасуға айырбас ретінде соғысты тоқтатуды, ХАМАС-тың ұзақ мерзімді атысты тоқтатуға міндеттемесін және өтпелі кезеңде әскери қызметін тоқтатуды қамтиды.

Онда Газа секторына қару-жарақ өндірісі мен импортын тоқтату, сондай-ақ оларды қайта қолданбау міндеттемесі қарастырылған. Жеке бапта қозғалыстың бірқатар жетекшілерінің шетелге жер аударылуы қарастырылған.

Жобаға сәйкес, Израиль әскерлерінің шығарылуы араб-америкалық бақылауда және аймақты қаруландыру мен басқару бойынша түпкілікті келісімдерге қол жеткізілген жағдайда бірте-бірте жүргізілуі керек. Келісімнің кепілі ретінде медиаторлар мен Түркияны тағайындау ұсынылды.

Гуманитарлық дағдарыс

Сонымен қатар, бейсенбі күні Газа Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағатта сегіз адамның, оның ішінде үш бала аштық салдарынан болған асқынулардан қайтыс болғанын хабарлады. Соғыс басталғалы бері осы себептерден 225 адам қаза тапты, деп қосты министрлік.

БҰҰ 2025 жылдың басынан бері аштықтан балалар өлімінің 53 жағдайын тіркеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшін күніне кемінде 600 жүк көлігі қажет.

Соңғы жаңалықтар