ХАМАС сенбі күні босататын кепілге алынған 6 адамның есімін атады
АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС тобының қарулы қанаты жұма күні израильдік кепілге алынған Элия Коэн, Омер Шем Тов, Таль Шохам, Омер Венкерт, Хишам әл-Сайед және Авера Менгистоны сенбі күні босататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Хишам әл-Сайед пен Авера Менгисто – Газа секторына 10 жыл бұрын келген және содан бері сол жерде қамауда отырған бейбіт тұрғындар.
Израильдің мәлімдеуінше, ол сенбі күні Газа секторынан босатылуы жоспарланып отырған кепілге алынған 6 адамның тізімін ХАМАС ұйымынан алған.
Израиль премьер-министрі кеңсесінің мәлімдемесінде хабарланғандай, тізімге енгізілген кепілге алынғандардың отбасылары бұл туралы хабардар етілді. Кеңсе жұртшылықты қауесет пен тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұрады.
- Жауап ретінде Израиль сенбі күні түрмедегі 602 тұтқынды босатады, - деп хабарлады Палестиналық тұтқындар клубы.
Бостандыққа шығарылатындар қатарында 7 қазанда ХАМАС шабуылынан кейін тұтқындалған Газа секторынан 445 адам бар, олардың 60-ы ұзақ мерзімге, 50-і өмір бойына бас бостандығынан айырылған және 47-сі 2011 жылғы алмасудан кейін қайта тұтқындалған.
Еске сала кетейік, бұған дейін ХАМАС төрт тұтқынның денесін Қызыл Крест ұйымына тапсырғанын хабарлаған едік.