ХАМАС сенбіде кепілге алынған үш израильдік тұтқынды босатады
АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС қозғалысы сенбі, 15 ақпанда жоспарланғандай кепілге алынған үш израильдік азамат босатылатынын растады, деп хабарлайды Euronews.

Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, кепілге алынғандардың аты-жөні жұма күні белгілі болады.
Бұған дейін Палестинаның исламдық қарсыласу қозғалысы (ХАМАС) Газа секторындағы атысты тоқтату, соның ішінде тұтқындармен алмасу туралы келісімді орындауға ниетті екенін растады.
Euronews-тің хабарлауынша, мәміленің бірінші кезеңі наурыздың басында аяқталады, ал екінші кезең барысында ХАМАС ұзақ мерзімді атысты тоқтату шартына айырбас ретінде кепілген алынған қалған адамдарды босатуы тиіс, бірақ оның шарттары бойынша нақты келіссөздер әлі жүргізілген жоқ. ХАМАС пен оның одақтастары кепілге алған 251 адамның 73-і әлі босатылмаған. Олардың жартысы қаза тапқан болуы мүмкін.
Еске сала кетсек, дүйсенбі күні ХАМАС тобы сенбіге жоспарланған израильдік кепілге алынғандарды босатуды белгісіз уақытқа кейінге шегеретінін мәлімдеген болатын.
Израиль ХАМАС-тың тұтқындарды босатуды тоқтату туралы мәлімдемесіне жауап берді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер ХАМАС сенбі күні түске дейін кепілге алынғандарды қайтармаса, Израиль армиясы Газа секторындағы әскери операцияларын қайта бастайтынын мәлімдеді.