ХАМАС содырлары Қытай мен Таиланд азаматтарын да ұрлап әкеткен

ХАМАС содырлары ұрлап әкеткен Supernova музыка фестивалі көрермендерінің арасында Қытай азаматы бар. ҚазАқпарат бұл туралы BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ХАМАС нападение
Фото: видеодан алынған кадр

«Ноа Бейжіңде дүниеге келген. Ол — біздің қызымыз, қарындасымыз және досымыз», — делінген Қытайдың Израильдегі Елшілігі таратқан хабарламада.

Ноаны мотоциклге мінген бір топ қарулы адам алып кеткені көрініп тұрған бейнежазба қоса берілген.

Дипломатиялық миссияның хабарламасында айтылғандай, ұрланған әйелдің екі азаматтығы бар — Қытай Халық Республикасы мен Израиль.

Бұған дейін ерікті құтқару жасақтарын біріктіретін израильдік ZAKA қоғамдық ұйымы музыкалық фестиваль өткен жерден қаза тапқан 250-ден астам адамның денесі табылғанын хабарлаған.

Израильдің оңтүстігіндегі шөл далада өтіп жатқан және еврейлердің Суккот мерекесімен тұспа-тұс келетін Supernova фестиваліне шабуыл сенбі күні жасалды.

Әлеуметтік желідегі кадрлар мен куәгерлердің айтуынша, ХАМАС содырлары күтпеген жерден пайда болып, келушілерді атып, кепілге ала бастаған. 

Таиланд Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, сенбі күні таңертең ХАМАС содырларының Израильге шабуылы бастағалы елдің 12 азаматы қаза тапты, тағы 11 адам ұрланып, сегізі жарақат алды.

Таиландтық жұмысшы BBC Thai-ға сенбі күні өлімнен әрең аман қалғанын айтты.

«Мен жүк көлігінің астына кіріп кеттім. ХАМАС жауынгерлері мені шығарып алып, тапаншаны бағыттады», — деді ол.

Израильде Таиландтың 30 мыңға жуық азаматы бар, тағы 5 мыңдайы Газа секторында тұрады.

Соңғы жаңалықтар