ХАМАС соңғы америкалық тұтқынды босатқысы келеді
АСТАНА. KAZINFORM — ХАМАС тобы жұма күні Израиль мен АҚШ-тың қос азаматтығы бар кепілге алынған адамды босатуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.

Бұл тұтқында қалған соңғы тірі америкалық азамат болуы керек деп топшыланды. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам арқылы ХАМАС, ең алдымен, АҚШ-қа атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңін талқылауға дайын екенін анық көрсетіп отыр.
Тұтқындағы адам — Нью-Джерсиде тұратын 21 жастағы Эдан Александр болуы мүмкін. Алайда ол кепілген алынған кезінде Израиль армиясының қатарында болған көрінеді.
Сонымен қатар, 4 шетел азаматының денесі тапсырылды, олардың азаматтығы анықталып жатыр.
Израиль ХАМАС-ты бітімгершілік келіссөздерін кешіктірді деп айыптап, Газадағы гуманитарлық көмекке тосқауыл қойды. Ол кепілге алынған барлық адамды босатуды көздейтін мәміленің екінші кезеңі басталғанға дейін тұтқындарды палестиналық жазасын өтеушілерге айырбастауды және ЦАХАЛ-ды Газадан шығаруды талап етті.
АҚШ 5 наурызда ХАМАС-пен кепілге алу және соғысты тоқтату туралы тікелей келіссөздерді бастады. Александрды босату АҚШ-тың арнайы өкілі Адам Бёлердің қатысуымен келісілді.
Қарашадан бастап ХАМАС 2000 палестиналықтың орнына 33 израильдік пен 5 тай азаматын босатты.
Израиль мен ХАМАС арасындағы келісім үш кезеңді қамтиды. Олардың біріншісі бойынша келісімге қол жеткізу үшін Қатарда делдалдардың қатысуымен бірнеше ай бойы келіссөз жүргізілді.
Ол 42 күн ішінде атысты тоқтатуды көздейді:
- ХАМАС кепілге алынған 33 израильдікті қайтарады. Келісімдегі бұл топ гуманитарлық топ деп аталады. Оларға балалар, әйелдер, қарттар және денсаулығы сыр берген адамдар жатады.
- Израиль 1900-ге жуық палестиналық тұтқынды босатады.
- ЦАХАЛ Газа секторының елді мекендерінен шығады, бірақ сектордың шекаралас аудандарында, соның ішінде оңтүстігінде Филадельфия дәлізінде қалады. Бұл жағдайда Израиль әскерлері Нецарим дәлізінен - секторды Солтүстік пен оңтүстікке бөлетін милитаризацияланған аймақтан кетуі керек.
- Қоныс аударған палестиналықтар өз аудандарына орала бастайды.
- Газаға күніне жүздеген жүк көлігі көлемінде гуманитарлық көмек келе бастайды.
Бірінші кезең бірқалыпты өткен жағдайда, ол күшіне енгеннен кейінгі 16-шы күні тараптар төмендегіні көздейтін екінші кезеңді келісуге көшуі тиіс:
- Атысты толық тоқтату.
- Қалған израильдік кепілге алынған ер адамдар мен әскери қызметшілердің палестиналық тұтқындардың орнына ауыстырылуы.
- Израиль әскерлері Газа секторының аумағынан толығымен шығады.
Келісімнің үшінші кезеңінде:
- Израиль қаза болған тұтқындардың денелерін алады.
- Халықаралық донорлар Газа секторын қалпына келтіруге кіріседі.
Осыған дейін АҚШ пен ХАМАС 1997 жылдан бері алғаш рет тікелей келіссөздер жүргізетіні хабарланды.