ХАМАС Трамп әкімшілігімен келіссөзге дайын

АСТАНА. KAZINFORM – Палестиналық ХАМАС әскерилендірілген тобы АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен байланыс орнатып, келіссөз жүргізуге дайын екенін білдірді. Бұл жайында ХАМАС саяси бюросының жоғары лауазымды мүшесі Муса Абу Марзук мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Абу Марзук
Фото: Anadolu / @aa_arabic

– Біз Трамп әкімшілігімен байланысқа және келіссөздерге дайынбыз. Бұған дейін де Байден, Трамп немесе АҚШ әкімшілігінің өзге қай-қайсысымен де байланыс орнатуға қарсылық білдірмедік. Барлық халықаралық тараппен келіссөздерге ашықпыз, - деді Абу Марзук.

Марзуктің мәлімдеуінше, АҚШ-пен келіссөз ХАМАС үшін қажеттілік болып тұр деуге тұрарлық. Өйткені, Вашингтон Таяу Шығыстағы негізгі ойыншы саналады. 

– Міне, сондықтан да біз америкалықтармен келіссөздерге қолдау білдірдік және бұл мәселеге қарсылық танытпаймыз, - деп қосты Абу Марзук.

Сейсенбі күні ХАМАС делегациясы Мәскеуде болып, РФ СІМ басшылығымен кездесу өткізді.

Күні кеше Трамп палестиналықтар Газаа секторынан басқа жерге қоныс аударғаннан кейін соғыстан қираған аумақты АҚШ бақылауына алатынын және оны экономикалық тұрғыда дамытумен айналысатынын айтып, уәде берген еді. Америка президентінің бұл сөзі қазірдің өзінде Таяу Шығыс өңірінде, сонымен қатар кейбір америкалық саясаткерлер арасында сынға ұшырап отыр.

ХАМАС-тың ресми өкілі Сами Абу Зухри АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторын басып алу туралы мәлімдемесі «күлкілі» әрі «абсурд» екенін мәлімдеді.

–Трамптың Газаны бақылауға алу ниеті туралы мәлімдемесі күлкі тудырады әрі ақылға сыймайды. Мұндай сипаттағы кез келген идея өңірдегі жаулық отын тұтандыруға түрткі бола алады, - деп мәлімдеді Абу Зухри Reuters агенттігіне. 

ХАМАС қозғалысы саяси бюросының мүшесі Иззат аль-Ришк Газа қандай да бір тарап оның тағдырын шеше алатындай ортақ аймақ емес, бұл Палестина жерінің басып алынған ажырамас бөлігі екенін тілге тиек етті. 

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі палестиналықтарды өз жерінен қудалауға бағытталған кез келген әрекетті қабыл алмайтындықтарын мәлімдеді. Сонымен қатар астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпайтындықтарын ашық айтты. 

Бұған дейін Газадағы атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі басталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар