ХАМАС Трамптың жоспарына жақын арада жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторында атысты тоқтатып, тұтқын алмасу жөніндегі жоспарына жақын арада жауап береді, деп хабарлайды Анадолы.

Қозғалыстың саяси бюросының мүшесі Мухаммед Неззал өзінің БАҚ үшін жариялаған мәлімдемесінде жоспар жариялана салысымен, яғни 30 қыркүйектен бастап, ХАМАС палестиналық топтар, тәуелсіз қайраткерлер мен ел ішіндегі және сыртындағы арағайындармен кеңесе бастағанын айтты.
Арада пікір қайшылығы болғанына қарамастан қозғалыс өкілдері бұл мәселеге салмақты, байыппен қарап отыр.
ХАМАС жоспарды жан-жақты қарастырып, жақын арада жауабын береді. Бұл ретте қозғалыс өкілдері Палестина халқы мен Палестина ісінің стратегиялық ұстанымдарын назарға алатындарын айтты.
- Біз жоспармен толық келісеміз не келіспейміз деген көзқарасты ұстанбаймыз және біз біреудің қорқытып-үркітуімен не қысымымен әрекет етпейміз,-деді ол ХАМАС-тың ең алдымен Палестина халқының мүддесі мен саяси тепе-теңдік аясында әрекет ететіндіктерін ескерте отырып.
- Біз келісімге келуге ұмтылып жатырмыз,- дей келе Неззал жоспарға қатысты өздерінің ұстанымдары тек уақытша шектеулер емес, Газада екі жыл қатарынан жалғасып келе жатқан жаппай қырып-жою әрекеттерін тоқтату екенін жеткізді.
- Біз бұл қанды қасаптың үшінші жылға созылуын қаламаймыз. Сол себепті біз халқымызға қарсы жасалып жатқан жаппай кісі өлімін тоқтатуды қалаймыз, - деді ол.
Айта кетейік, 29 қыркүйек күні Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамптың 20 бөлімнен тұратын «Газадағы қақтығысты тоқтатудың кешенді жоспары» атты ұсынысын жариялаған болатын.
Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірге өткізген баспасөз-мәслихаты барысында егер жоспар екі тараптан қабылданатын болса, соғыс тоқтайтынын, ал Израиль өз әскерін Газадан біртіндеп алып кететінін, сөйтіп Газада жаңа өмір басталатынын айтты. Бұл ретте ол жаңа өмірге ХАМАС қозғалысының ешқандай қатысы болмайтынын, ал тұтқындардың барлығы босатылатынын атап өтті. Нетаньяху бұл жоспарды қабылдады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Трамптың жоспарын БҰҰ Бас хатшысы да қолдады.
Трамп ХАМАС-қа Газадағы бейбітшілік жоспарына жауап беру үшін бірнеше күн берді.