ХАМАС тұтқындарға көмек көрсетуге келісті: бірақ Израильден әуе шабуылдарын тоқтатуды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС қозғалысының әскери қанаты егер Израиль тұрақты гуманитарлық дәліздер ашып, әуе шабуылдарын тоқтатса, Қызыл Кресттің Газа секторындағы тұтқындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу туралы өтінішін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

ХАМАС выразил готовность допустить помощь заложникам при условии прекращения ударов
Фото: Анадолу

«Біз Қызыл Кресттің кез келген өтінішіне оң жауап беруге дайынбыз. Ол үшін жеткізу кезінде шабуылдар тоқтатылып, тұрақты гуманитарлық дәліздер ашылуы қажет», – делінген ХАМАС-тың әскери бөлімшесі саналатын «Изз ад-Дин әл-Кассам» бригадаларының мәлімдемесінде.

Бұл мәлімдеме Израиль тұтқынында отырған Эвьятар Давидтің видеоүндеуінен кейін жарияланды. Видеода ол әбден әлсіреген күйде өзінің «қабірін қазып» жатқанын айтады. Аталған бейнематериал Батыс елдерінің тарапынан қатаң сынға ұшырады. Франция, Германия, Ұлыбритания және АҚШ ХАМАС-тың әрекетін айыптады.

Ал БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бұл мәселені сейсенбі күні арнайы отырыста талқыламақ.

Израиль билігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Газа секторында 50-ге жуық тұтқын бар, олардың шамамен 20-сы ғана тірі болуы мүмкін. Қақтығыс басталғалы гуманитарлық ұйымдар олардың жағдайына көз жеткізе алмай келеді. Туыстары да тұтқындар жайлы нақты ақпараттан қағылған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбі күні Халықаралық Қызыл Крест комитетін тұтқындарға гуманитарлық көмек көрсетуге шақырды. Ұйым бұл көмекті дереу бастауға дайын екенін мәлімдеп, тұтқындарға қолжетімділікті қайта талап етті.

«Бейнежазбалар тұтқындардың өміріне қауіп төндіретін жағдайды тікелей дәлелдейді. Олар медициналық көмек пен адамгершілікпен қарауды алуы тиіс», – делінген Халықаралық Қызыл Крест комитетінің мәлімдемесінде.

Тұтқындардың туыстары құрған форум ХАМАС-ты «төзгісіз жағдай жасау» үшін айыптап, тұтқындарды дереу босатуды талап етті.

«ХАМАС әр тұтқын үшін толық жауапты. Оларды босатқанға дейін топ оларды барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуге міндетті», – делінген отбасылардың мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Газа секторындағы гуманитарлық ахуал ушығып барады. Палестинаның Денсаулық сақтау министрлігі жексенбі күні жариялаған мәліметке сәйкес, соңғы тәулікте аштық пен әлсіреуден тағы алты адам, оның ішінде балалар көз жұмған. Жалпы алғанда, тойып тамақ ішпеуден қайтыс болғандар саны 175-ке жетті.

Израиль жексенбі күні БҰҰ арқылы ауруханалар, наубайханалар және қоғамдық асханалар қажеттіліктері үшін Газа секторына жанармай жеткізуге рұқсат берді. Бұл туралы оккупацияланған палестиналық аумақтарда гуманитарлық көмекті үйлестірумен айналысатын Израильдің COGAT әскери құрылымы хабарлады.

Айта кетейік, Газада аштықтан қаза тапқандар саны 175 адамға жетті.

Соңғы жаңалықтар